Польша халқы Димаш Құдайбергенді сән-салтанатпен қарсы алды (фото)

Жарияланды 16 Қазан 2026 14:51

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: Dimashnews.com

Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген жаңа DiMENSIONS әлемдік концерттік турнесін бастау үшін Польшаның Краков қаласына келді. Әншіні әуежайда әр елден жиналған жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

16 қазанда Димаш Құдайберген шығармашылық ұжымымен бірге Краков қаласына жетті. Дәл осы қалада 18 қазанда әншінің жаңа әлемдік турнесінің алғашқы концерті өтеді.

Польша Димашты алғаш рет қарсы алып отыр. Әншіні күтіп алу үшін әуежайға жергілікті фан-клуб мүшелерімен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер жиналған.

Польшалық жанкүйерлер қазақстандық өнерпазға ерекше тосынсый дайындаған. Атап айтқанда, «Skalne Orły» оркестрі Димашты поляк халқының дәстүрлі әндерін орындап қарсы алды. Музыканттар «Hej bystra woda», «Szła dzieweczka» және Подхале өңірінің халық әндерін шырқаған. Сонымен қатар жанкүйерлер әншіге нан мен тұз ұсынды.

фото: Dimashnews.com

Әуежайда Димаштың құрметіне арнайы баннерлер ілініп, әр елдердің тулары көтерілді. Өнерпазды қарсы алуға Польша, Қазақстан, Франция, Румыния, Испания, Жапония, Италия, Канада, Аустралия және Германиядан келген жанкүйерлер қатысқан.

Димаш Құдайбергеннің DiMENSIONS атты жаңа әлемдік концерттік турнесі 18 қазанда Краков қаласындағы TAURON Arena сахнасында басталады.

Бұған дейін әнші жаңа турне аясында әлемнің 40-тан астам елінде өнер көрсетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Жарияланған концерттік афишада Польшадан бөлек Германия, Испания, Мексика, Колумбия, Чили, Перу және Индонезиядағы концерттер көрсетілген.

Сондай-ақ оқыңыз