
Астанада өтіп жатқан жүзуден әлем кубогының соңғы кезеңінде қазақстандық спортшылар екі рекорд орнатты. Сонымен қатар жарыстың екінші күніндегі іріктеу қорытындысы бойынша ел құрамасының алты өкілі финалға жолдама алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
50 метрге еркін стильде жүзуде Глеб Коваленя 21,31 секунд нәтиже көрсетіп, Қазақстан рекордын 0,04 секундқа жақсартты. Осы нәтижесінің арқасында кешкі финалдық жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Тағы бір ұлттық рекордты Ғалымжан Балабек жаңартты. Ол 400 метрге еркін стильде жүзуде қашықтықты 3 минут 46,87 секундта бағындырды. Осылайша, спортшы бір апта бұрын Ташкентте өткен әлем кубогының кезеңінде өзі орнатқан рекордты жақсартты.
Алты қазақстандық финалға шықты
100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Қазақстанның екі спортшысы финалға жолдама алды. Әділбек Мусин қашықтықты 51,42 секундта жүзіп өтсе, Максим Сказобцов 51,53 секунд нәтиже көрсетіп, іріктеуде сегізінші орынға тұрақтады.
Ал Айбат Мырзамұратов 200 метрге брасс әдісімен жүзуде 2 минут 7,15 секунд нәтиже көрсетіп, іріктеу кезеңін бесінші орынмен аяқтады.
Егор Попов 100 метрге кешенді жүзуде 54,64 секунд көрсеткішпен финалға өтті.
Әйелдер арасында Софья Сподаренко 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 58,55 секунд нәтиже тіркеп, жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды.
Осылайша, 16 қазандағы іріктеу жарыстарында Қазақстан құрамасының алты спортшысы финалға шықты. Финалдық жарыстар бүгін, 16 қазанда, Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.