
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан банктері өз жұмысы туралы мәліметтерді Қаржы нарағын реттеу және дамыту агенттігіне арнайы цифрлық жүйе арқылы береді. Бұл үшін әрбір банк «деректер витринасы» деп аталатын жеке база құрады. Жаңа жүйе Агенттікке арнайы сұраныс жібермей-ақ, банктердің қызметін бақылауға мүмкіндік береді.
Агенттік қызметкерлері ақпаратты банк базасынан тікелей көре алады немесе қорғалған байланыс арнасы арқылы алады. Бұл ретте әр қызметкердің рұқсаты өзінің өкілеттігімен шектеледі. Ал мәліметтер жалпы жүйеде тұрақты сақталмайды, реттеуші оны тек қажет кезінде алады.
Банктер ішкі жүйедегі мәліметтерді автоматты түрде жинап, оларды қателерге әрі Агенттік талаптарына тексереді. Ақпаратқа кімнің қашан жүгінгені арнайы журналға тіркеліп отырады. Бұл жазбаларды өзгертуге немесе өшіруге болмайды. Олар кемінде үш жыл сақталуы тиіс.
Сонымен бірге банктер өз базаларының тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек. Жоспарлы техникалық жұмыстар туралы 5 жұмыс күні бұрын хабарлау қажет. Егер кенеттен ақау шықса, банк 2 сағат ішінде хабар беріп, оны 3 жұмыс күні ішінде жоюы тиіс. Жүйенің техникалық жұмысына Ұлттық банктің Цифрлық даму орталығы жауап береді.
ҚНРДА банктердің цифрлық қауіпсіздігін бұған дейін де тексерген еді. 2026 жылдың қыркүйегінде 94 қаржы ұйымының цифрлық дайындығы бағаланып, даму жоспарлары дайындалды. Ал 2027 жылы барлық банкте кибержаттығу өткізу жоспарланып отыр.