2026 жылы Қазақстанға қай ел көп инвестиция салды (инфографика)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
фото: Kursiv Media

2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанға шетелдік тікелей инвесторлардан келген инвестициялардың жалпы ағыны 9,36 млрд доллар болды. Бір жыл бұрын осы кезеңде көрсеткіш 10,15 млрд долларға жеткен еді. Осылайша, бір жылда инвестиция ағыны 7,8%-ға азайды. Kursiv.Media биыл 6 айда елімізге инвестиция салған ірі 10 елді анықтады.

Екінші тоқсанда инвестиция күрт төмендеді

Жыл басындағы жоғары көрсеткіш негізінен бірінші тоқсанның есебінен қалыптасты. Қаңтар-наурыз аралығында Қазақстанға 6,29 млрд доллар инвестиция келсе, екінші тоқсанда оның көлемі 3,07 млрд долларға дейін төмендеген.

Қазақстанға инвестиция салған ТОП-10 ел

2026 жылдың I жартысы · тікелей инвестициялардың жалпы ағыны
Жалпы инвестиция ағыны 9,36 млрд $
▼ 7,8%
1
Нидерланд
1,97 млрд $
−12,5%
2
Ресей
1,49 млрд $
+25,3%
3
Қытай
1,47 млрд $
+4,9%
4
Катар
1,31 млрд $
+12,0%
5
БАӘ
711,6 млн $
−33,3%
6
Оңтүстік Корея
516,5 млн $
−6,3%
7
Кипр
493,6 млн $
+124,7%
8
Бельгия
428,2 млн $
+7,4%
9
Ұлыбритания
397,4 млн $
+25,1%
10
Германия
356,3 млн $
−9,2%
Өзгеріс 2025 жылдың I жартысымен салыстырылған. Деректер кезең ішіндегі жалпы ағынды көрсетеді.

Яғни небәрі үш айдың ішінде ағын 51,2%-ға қысқарды.

Бұл жерде көрсеткіш тікелей инвестициялардың жалпы ағынын білдіретінін ескерген жөн. Оған инвесторлардың компания капиталына салған қаражаты ғана емес, қайта инвестицияланған кіріс пен борыштық құралдар арқылы берілген қаражат та кіреді.

Нидерланд бірінші орында қалды

Елдер арасында Нидерланд көш бастап тұр. 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл елден Қазақстанға 1,97 млрд доллар келген. Алайда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 12,5%-ға төмендеді.

Екінші орында Ресей тұр. Ресейлік инвесторлардан түскен жалпы ағын 1,49 млрд долларға жетіп, бір жылда 25,3%-ға өсті.

Қытай үшінші орында – 1,47 млрд доллар. Қытайдан келген инвестиция көлемі өткен жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 4,9%-ға артқан.

Қатардан 1,31 млрд доллар инвестиция келді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңінен 12%-ға көп.

Осы төрт мемлекеттің өзіне Қазақстанға келген барлық инвестицияның 66,6%-ы тиесілі.

Кипрден келген инвестиция екі еседен астам өсті

ТОП-10 елдің ішінде ең жоғары өсім Кипрде байқалды. Бұл елден келген инвестиция 219,7 млн доллардан 493,6 млн долларға дейін жетіп, 124,7%-ға артты.

Ұлыбританиядан инвестиция 25,1%-ға өсіп, 397,4 млн доллар болды. Ресейдегі өсім де шамамен осы деңгейде – 25,3%.

Бельгиядан келген инвестиция 7,4%-ға өсіп, 428,2 млн долларға жетті.

Ал Біріккен Араб Әмірліктерінен келген қаражат керісінше 33,3%-ға, 711,6 млн долларға дейін азайды. Оңтүстік Кореядан инвестиция 6,3%-ға, Германиядан 9,2%-ға төмендеді.

Инвестиция бірнеше елге қатты тәуелді

2026 жылдың алғашқы жартысындағы тағы бір ерекшелік – инвестиция көздерінің жоғары шоғырлануы. ТОП-10 мемлекет Қазақстанға келген барлық тікелей инвестиция жалпы ағынының 97,7%-ын қамтамасыз еткен.

Оның ішінде Нидерландтың үлесі 21%, Ресейдің үлесі 16%, Қытайдікі 15,7%, Катардікі шамамен 14%.

Демек, алғашқы жартыжылдықта Қазақстанға келген әр үш доллардың шамамен екі доллары небәрі төрт елдің үлесіне тиеді.

Сондай-ақ оқыңыз