Ана мен балаға төленетін жәрдемақыдан кімдер қағылады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ана мен балаға қатысты төлемақыдан кімдер қағылатынын айтты, деп хабарлайды Kursiv.media.
«Декретке шыққан соң ана әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру қорынан жәрдемақы алады. 1,5 жасқа берілетін төлем сақталады. Тек республикалық бюджеттен бөлінетін бала тууға қатысты біржолғы төлем А және В санатына жататын отбасыларға тағайындалмайды. С, D, E санатындағы отбасылар бұл төлемді мемлекеттік бюджет пен МӘСҚ-дан алуын жалғастырады», – деді Ертаев.
Министр атағандай, егер де анасы бала тууға дейін жұмыс істемесе, А және В санатындағы отбасы ресубликалық бюджеттен төлемақы алмайды.
Бала туған кезде қандай төлем беріледі?
Қолдау түрлері бірдей емес: кейбір төлем барлық отбасыға сақталса, кейбірі отбасының A–E санатына және ата-ананың жұмыс істегеніне байланысты.
Декреттік төлем
Жүктілік және босану бойынша төлем бұрынғы тәртіппен сақталады. Отбасының әл-ауқат санаты есепке алынбайды.
Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы
Республикалық бюджеттен берілетін біржолғы жәрдемақы отбасының әл-ауқат санатына байланысты болады.
Әл-ауқаты жоғары және тұрақты отбасыларға біржолғы жәрдемақы тағайындалмайды.
Орташа және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға жәрдемақы сақталады.
1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлем
Мұндағы негізгі айырмашылық — ата-ананың бала туғанға дейін жұмыс істеген-істемегені.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша төлем енді тек анасына тағайындалады.
Ал С, D, E санатындағы жұмыс істемеген әйелдер төлем алады.
«Үш санаттағы әйелдер декрет кезіндегі демалыста баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа шығып кетсе де, төлемдер сақталады. Әйел жұмыс пен бала күтімін қатар алып жүре алады», – деді ол.
Министр декретке шығатын әкелерге де қатысты өзгерісті атады.
«Декретке шыққан аналарға қатысты төлемдердің атауы заң бойынша өзгерді. Себебі жәрдемақы ана мен балаға арналған. Ер адам декретке шыға алады, бірақ ол жәрдемақы алмайды. Ал әйелдер декретте отырмай, жұмысқа шықса баласы бір жарымға толғанша төлем алады. Бірақ бұл A және B санатындағыларға қатысты емес», – деді Ертаев.
Тағы да оқыңыз: Rolls-Royce-тен баспанасы жоқтарға дейін: министр кімнің қай санатқа жататынын айтты