Халықтың депозиттегі қаржысының жартысы 20 млн теңгеден асатын шоттарда жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда депозит көлемі артып, банк секторы міндеттемелерінің жартысына жуығын құрағанымен, бұл саладағы ресурс базасы шағын топтағы ауқатты клиенттердің қаржысына тәуелді болып отыр.

Қаңтар–тамыз айларында халықтың банктегі депозиті 30,5 триллион теңгеден асып, өсім толығымен ұлттық валюта есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, теңгедегі салымдар 12,2%-ға көбейіп, 24,7 триллион теңгеге жетсе, шетел валютасындағы жинақтар 5,6%-ға азайып, 5,9 триллион теңгені құрады.

Курстың төмендеуі және инфляцияның баяулауына байланыс салымдарды теңгеге ауыстыру үрдісі жалғасып жатыр.

Дегенмен, жалпы көрсеткіштердің жақсарғанымен, жинақ ақшалардың айтарлықтай бөлігі бірнеше ірі салымшының қолында шоғырланған. Статистикаға сүйенсек, барлық халық қаражатының 45 пайызы 20 миллион теңгеден асатын шоттарда жатыр.

Сонымен қатар, валюталық салымдардың негізгі үлесі де осы ірі клиенттердің еншісінде – басқа санаттарда долларлық салымдар 8–10% аралығында болса, ең үлкен сомаларда бұл көрсеткіш 32,1%-ға жетеді.

Оның үстіне, бұл валюталық қаражаттың басым бөлігі (95%) мерзімсіз салымдар мен ағымдағы шоттарда сақталып, жоғары өтімділік күйін сақтап отыр.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай банктер арасындағы бәсекелестіктің сипатын өзгертеді. Екінші деңгейлі банктер үшін тек ақша көлемін тартып қана қоймай, оның сапасын, мерзімділігі мен шоғырлануын басқару маңызды бола түскен..

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткенімен, банктер өздерінің тұрақты ресурс көзі – ірі салымшыларды жоғалтып алмау үшін пайыздық мөлшерлемені азайтпауы мүмкін.

Халық пен бизнестің депозитте жинаған қаржысы бір айда 1,3 трлн теңгеге өсті.

Сондай-ақ оқыңыз