
Құрылтайдағы брифингте қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстан мен Пәкістан арасындағы келісім контрабандаға қарсы күреске қалай әсер ететіні және екі ел арасында қандай тауарлар тасымалданатыны жайлы айтып берді, деп хабарлайды Kursiv.media.
«Пәкістанмен жасалған келісім – кеден саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін негіздемелік құжат. Біз көп елмен кеден ынтымақтастығын орнатқанбыз. Келісім аясында ақпарат алмасу көзделген. Электронды ақпарат алмасудан кейін бізге қандай тауарлар келе жатқанын көріп отырамыз. Пәкістан мен Өзбекстаннан өтіп Қазақстан шекарасына келген тауар жайлы ақпарат аламыз», – деді Мәди Такиев Құрылтайда өткен брифингте.
Министр атағандай, бұл бизнеске де оң әсерін береді. Себебі тауарларды тыңғылықты тексеру, жүкті түсіріп, қайта салу процедуралары қысқарады. Әзірге бізде Пәкістанмен тауар алмасудың көлемі көп емес.
«Осы келісімнен кейін екі ел арасындағы сауда көлемі артады деген үміттеміз», – деді Такиев.
Құрылтайда Өзбекстан және Пәкістан елдерімен кеден ынтымақтатсығын арттыру келісімдері қабылданды.