Зейнетақы жинағын басқарушылар: қай компанияның комиссиясы ең төмен

Қазақстанда жеке басқарушы компаниялар басқаратын зейнетақы активтерінің табыстылығы Ұлттық банктің көрсеткішінен айтарлықтай жоғары. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, жыл басынан ең жоғары табыстылықты «Сентрас Секьюритиз» көрсетті – 12,18%. Екінші орында Halyk Finance – 9,06%, одан кейін Alatau City Invest 8,25 пайызбен тұр.
BCC Invest жыл басынан бері 8,09%, Halyk Global Markets 7,55% табыс әкелген. Ал зейнетақы активтерінің негізгі бөлігін басқаратын Ұлттық банктің кірістілігі небәрі 4,2% болды. Яғни үздік жеке басқарушының нәтижесі Ұлттық банктен шамамен үш есе жоғары.
Tansar Capital көрсеткішін басқа компаниялармен тікелей салыстыруға болмайды. Компания зейнетақы активтерін басқаруды тек 2026 жылғы 8 сәуірде бастаған. Содан бергі табыстылығы 2,43%-ды құрады.
Табыстылық жоғары болғанымен, комиссияны да ескеру керек
Басқарушыны таңдағанда тек табыстылыққа қарау жеткіліксіз. Компаниялар инвестициялық табыстан комиссия алады және оның мөлшері айтарлықтай ерекшеленеді.
Мәселен, «Сентрас Секьюритизде» комиссия небәрі – 1%. Halyk Finance пен Alatau City Invest 5%-дан алады, ал BCC Invest пен Tansar Capital-дың комиссиясы 6%-ды құрайды. Сондықтан бірдей табыстылық жағдайында комиссиясы төмен компания салымшы үшін тиімдірек болуы мүмкін.
Бұл комиссия зейнетақы жинағының бүкіл сомасынан емес, инвестициялық қызмет нәтижесінде алынған табыстан есептеледі.