
Қаржы министрі Мәди Такиев «Жібек жолы» кеден өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары қалай жүзеге асырылып жатқанын айтты. Өткізу бекетіндегі жаңғырту жұмыстары осы айда аяқталады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Министрдің айтуынша, кеден бекеттерін жаңғырту жұмыстары мемлекеттік органдардың бастамасымен және демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылады.
«Жібек жолы» өткізу бекетінің ғимараты бұрын салынғандықтан, қазіргі талаптарға сай келмеген. 2024 жылы бекеттегі жағдай әсіресе өзекті болған, өйткені ол арқылы тәулігіне шамамен 5 мың адам өткен. Алайда кеден, шекара қызметтері мен басқа да органдардың жолаушыларды жедел өткізуге мүмкіндігі жеткіліксіз болды»,- деді Такиев.
Ол атағандай, осыған байланысты бекетті қайта жаңғырту мәселесі көтеріліп, қажетті рұқсат алынған.
«Қазір кеден бекеттерінде бейнебақылау камералары, ситуациялық орталық және тауарларды тексеруге көмектесетін жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Осы айда «Жібек жолы» бекетіндегі жұмысты аяқтаймыз. Ол біздің бетке ұстар бекетіміз болады. Тәулігіне 70 мың адамға дейін өткізе алады. Сонымен қатар 200 автобус пен 2-3 мың жеңіл автокөлік өткізуге мүмкіндік болады», – деді министр.
Оның сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар ағыны, әсіресе мереке күндері айтарлықтай артады. Қазір кейбір өткізу бекеттері арқылы тәулігіне 45 мың адамға дейін өтеді. Жаңғырту жұмыстары шекарадан өту уақытын қысқартып, бекеттердің өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Мәди Тәкиев былтыр «Атамекен» өткізу бекеті жаңғыртылғанын да атап өтті.
Оның мәліметінше, биылғы тоғыз айда Қазақстан шекарасынан шамамен 650 мың автокөлік өткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға көп.
Тағы да оқыңыз: Пәкістанмен жасалған келісім бизнеске қалай әсер етеді – Такиев жауап берді