
Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкентке жұмыс сапары барысында қаланың индустриялық аймақтарын аралап, өндіріс орындарының жұмысымен және жол инфрақұрылымының дамуымен танысты.
«Жұлдыз» индустриялық аймағындағы Wan Sheng Ceramic зауыты жылына 12–13 млн м² керамогранит өндіретін жобалық қуатқа шықты. Кәсіпорында 350 тұрақты жұмыс орны ашылған. Өнімнің 40%-ы ТМД елдеріне экспортталады, ал шикізаттың 95%-ы Қазақстаннан алынады.
«Тассай» индустриялық аймағындағы Asia Trafo зауыты жылына 12 мың МВА қуатындағы трансформаторлар өндіруге қауқарлы. Кәсіпорын 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қалада 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың аумағы 90%-ға толған, жалпы 354 жоба жүзеге асырылған. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйекте өнеркәсіп өндірісі 1,2 трлн теңгеге жетіп, 12,9%-ға өсті.
Сондай-ақ премьер-министр құны 8,5 млрд теңге болатын Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысын тексерді. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, көпір үстіндегі қозғалыс ашылды. Қалған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Олжас Бектенов өндіріс орындарының қуатын кеңейтуге қолдау көрсетуді және инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен мерзімін бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Жергілікті жерлерде әкімдіктер жаппай бақылау мен цифрландыру арқылы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Қаланың өсуін ескерсек, Шымкент үшін де жолдарды сапа мен қауіпсіздіктің жаңа заманауи технологияларын қолдана отырып салу маңызды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: 2027 жылы Үкімет өңірлерге 6,4 трлн теңге бөлмек: қай облыс көп қаржы алады