
«Жасыл даму» қалдықты қайта өңдеуге 122,6 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қаржы қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға жұмсалмақ.
Іріктелген 34 жоба қайта өңдеу өндірістерін салу, сұрыптау кешендерін құру және арнайы техника сатып алуды көздейді.
«Қаржыландырылған жобалардың алтауы жылдық жалпы қуаты 650 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау нысандарын құруды көздейді. Тағы 18 жоба жылына 435 мың тонна қалдықты қайта өңдеу қуаттарын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар 10 жоба аясында 177 бірлік арнайы техника сатып алу қарастырылған», – делінген хабарламада.
Қаржының басым бөлігі Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы жобаларға бағытталған.
Бұған дейін «Жасыл даму» өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге 16,9 млрд теңге бөлген. Қазақстанның жеті өңірінде қазірдің өзінде 14 ерте анықтау жүйесі орналастырылған.
«Жасыл Даму» АҚ – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы ұйым.
Компания көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникалары, аккумулятор батареялары мен қаптама түрлерін әкелу кезінде утилизациялық төлемдерді жинап, соны басқарады. Мемлекет бұл өкілеттіктерді 2022 жылдың басында жекеменшік «Оператор РОП» жойылғаннан кейін «Жасыл Даму» компаниясына берді.