Тұтынушы құқығын бұзған жеті микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Микроқаржы ұйымдары неше лицензиясынан айырылды / Фото: shutterstock.

Жеті микроқаржы ұйымы (МҚҰ) лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының қызметін тексергенде тұтынушылардың құқығын жүйелі түрде бұзған жеті МҚҰ анықталып, олардың лицензиялары қайтарып алынды. Олар:

  • «MaxMoney» МҚҰ» ЖШС – түпкі иесі Ли Жуй мен Telomere financial technology co., limited;
  • «Microfinance Systems» МҚҰ» ЖШС-ның құрылтайшылары Дауырбеков Рамазан мен Дмитрий Шебеда.
  • «SurfKaz Finance» МҚҰ» ЖШС Kuai kuai belt and road holdings pte. ltd. компаниясына тиесілі.
  • «MFO№1» МҚҰ» ЖШС Максим Макаровқа тиесілі
  • «Үміт Финанс» МҚҰ» ЖШС-ның иесі Төлебаев Нұржан мен JFY Digital Technology Limited.
  • «Вивус» МҚҰ» ЖШС-ның құрылтайшысы Digital Finance International Cyprus деп көрсетілген
  • «EL QAZYNA» МҚҰ» ЖШС. Құрылтайшылар қатарында Жан Ағзамов, Тұғымова Жарқын және «EQ2025KZ» компаниясы көрсетілген.

Лицензиясынан айырылған ұйымдар бұдан әрі шағын несие бере алмайды. Сондай-ақ олардың қолданыстағы келісімшарттардың шарттарын өзгертуге құқығы жоқ.

Заң бойынша бұл МҚҰ-лар 30 күн ішінде атауларынан «микроқаржы ұйымы» деген сөзді алып тастап, қайта тіркелуге тиіс. Болмаса, компанияны қайта ұйымдастыру немесе толық тарату туралы шешім қабылдауы керек.

Ал аталған ұйымдардан несие алған азаматтар төлемдерін тоқтатпауы қажет. Себебі лицензияның күші жойылғанымен, қарыз алушылардың келісімшарт бойынша міндеттемелері жойылмайды. Қарызды уақытылы төлемеген клиенттер заң алдында жауап береді.

Бұған дейін 13 микроқаржы және коллекторлық ұйым лицензиясынан айырылғаны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз