
Құрылтай депутаттарының шағын дүкендер үшін қолма қол ақшасыз төлемдердің эквайринг комиссиясын төмендету ұсынысы қолдау таппады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Депутаттардың «үй жанындағы» дүкендер үшін шекті комиссияны 0,5% деңгейінде белгілеу туралы сауалына Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ресми жауап қайтарды. Үкімет мұндай әкімшілік шектеуді енгізуден бас тартып отыр.
Ұсыныс неге қабылданбады
Серік Жұманғариннің түсіндіруінше, эквайринг тарифін 0,5% деңгейінде шектеу – нарықтағы бәсекелестікті шектейді. Сондай-ақ бұл қадам банктердің төлем инфрақұрылымы мен цифрлық сервистерді дамытуға деген ынтасын төмендетеді. Сонымен бірге екінші деңгейлі банктер өз шығындарын өтеу үшін басқа банк қызметтерінің бағасын қымбаттатуы мүмкін.
«Банктер және банк қызметі туралы» заңға сәйкес, комиссия мен тарифтерді банктер өз бетінше белгілейді. Эквайринг комиссиясының мөлшері кәсіпорынның қызмет түріне, операция типіне және төлем құралына байланысты қалыптасады.
Басқа банктің картасын қабылдағанда комиссия құрамына банкаралық комиссия (interchange) кіреді. Оған қоса банктер POS-терминалдар орнату және цифрлық бағдарламаларды ұстап тұру бойынша шығындарды өздері көтереді.
Кейінгі жылдары комиссиясы азайған
Соңғы 7-10 жылда қолма-қол ақшасыз төлемдердің дамуы мен банктер арасындағы бәсеке эквайринг комиссиясын 2,8–4,5% деңгейінен 1,2–2,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Сонымен бірге Ұлттық банк Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен interchange мөлшерлемесі бойынша келісімге келген. Оған сәйкес, бұған дейін 1,8–2,0% болған шекті мөлшер 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5%-ға, ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,0%-ға дейін төмендетілді.
Қазіргі уақытта Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі аясында QR-төлем мен телефон нөмірі арқылы аударым жасауға болады.
Бұған дейін епутаттар үй жанындағы дүкендерге салық жеңілдігін жасап, арзан несие беруді ұсынған.