
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын басқарудың ортақ әдіс-тәсілдерге негізделген автоматтандырылған жүйесін құру қажет екенін айтты. Бұл туралы президент өз жолдауында айтты, деп хабарлайды Kursiv.media.
Тоқаевтың айтуынша, былтыр қабылданған ююджет кодексі мемлекет қаражатын тиімді басқаруға және қаржылық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік берген. Дегенмен, мемлекеттік шығындар жыл сайын артып келе жатқандықтан, бюджет қаражатын жоспарлау мен басқару сапасын одан әрі жақсарту қажет.
Президент орынсыз әрі тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік қазына жүйесін толық цифрландыру жұмысын аяқтау қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы үкімет пен ұлттық банктен осы бағытта нақты ұсыныстар күтетінін айтты.
«Экономикамыз ұзақ мерзімді қаржыландыруды қажет етеді. Оның көлемі бюджет пен даму институттарының мүмкіндіктерінен асып түседі.Банктер бизнесті инвестициялық мақсатта несиелеуге барынша белсенді қатысуы керек. Бұл – олардың негізгі міндеті.Ол үшін тиісті реттеуші жағдай жасау қажет. Соның ішінде банк жүйесіндегі бос өтімділікті тиімді басқару тетіктерін енгізген жөн. Ал мұндай өтімділік қазір айтарлықтай көлемде бар. Шексіз пікірталас жүргізуге уақытымыз жоқ. Елді ілгерілеу жолына бастайтын нақты шешімдер қажет», – деді президент.
Ол атағандай, экономиканың негізгі салаларын ұзақ мерзімге несиелеудің жаңа тетіктерін іске қосу керек. Бұл іске банктер, даму институттары, халықаралық қаржы ұйымдары және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қатысуы тиіс.
«Капитал нарығының мүмкіндіктерін едәуір кеңейту қажет. Сондықтан жеке кәсіпорындарды биржалық құралдарды белсенді пайдалануға ынталандыру маңызды. Қаржыландырудың қосымша көздерін жұмылдыру және инвестициялық тәртіпті күшейту – аса маңызды міндет. Бұл бағыттағы нақты тетіктер әзірленіп жатқан «Капитал нарығы туралы» заңда көзделуі керек. Бірыңғай ұлттық қаржы экожүйесін қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет», – деді президент.
Қазақстан қор биржасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Alatau City тығыз әріптестік жағдайында жұмыс істеуі керек.