
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Қазақстан цифрлық экономика құруға міндетті екенін айтты. Оның сөзінше, елде Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыруға қажетті негізгі инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.media.
Президенттің айтуынша, қазірдің өзінде екі суперкомпьютер іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы бір қуатты суперкомпьютер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмыстары аяқталып, деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр.
Тоқаев мұның елді цифрлық трансформациялау жұмыстарының бір бөлігі ғана екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін халықтың әл-ауқатын арттыру үшін пайдалануы керек.
Мемлекет басшысы цифрландыру саласында нақты нәтижеге басымдық беру қажет екенін айтты. Қазір бұл бағытта істен гөрі сөз көп екенін, ал шынайы цифрландыру кейде қолданыстағы процестерді автоматтандырумен немесе түрлі іс-шаралар өткізумен шектелетінін сынға алды.
«Цифрландыруды практикалық пайдасын түсінбей, қымбат бағдарламалық өнімдерді сатып алумен шектеуге болмайды. Біз жасанды интеллектіні коммерцияландыру, активтерді токенизациялау, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформалық экожүйелерді дамыту жұмыстарын енді ғана бастадық. Экономикада цифрландыруды іс жүзінде қолдану бағдарламасын әзірлеу қажет», – деді президент.
Ол атағандай, қазір миллиондаған азаматымыз маркетплейстерді, тамақ жеткізу және такси шақыру қызметтерін, сондай-ақ басқа да көптеген сервисті, соның ішінде банк қызметтерін күн сайын пайдаланады.
«Бұл ретте Қазақстанның банк қызметтерін цифрландыруда бірқатар озық елден озып кеткенін мойындау керек. Дегенмен, алға жылжуымыз қажет.Бізде жоғары өнімді цифрлық экономиканы дамытуға тың серпін беретін барлық мүмкіндік бар. Жастарымыз білімді әрі креативті, елде интернет қолжетімді, цифрлық инфрақұрылым дамыған.Қазір кез келген азамат бірнеше минут ішінде банк шотын ашып, бөліп төлеуді рәсімдей алады немесе үйінен шықпай-ақ тауар сатып алады», – деді президент.
Цифрландырудың келесі кезеңінде қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуден азаматтардың жеке мүмкіндіктерін кеңейтуге көшуіміз керек. Қалыптасқан ұстанымды өзгертіп, алдымызда тұрған міндеттерге басқа қырынан қарау қажет.
«Біздің мақсатымыз – халыққа арналған нағыз цифрлық экономика құру. Қоғамдық санада интернет тек тұтыну мен көңіл көтеретін кеңістік ретінде емес, жасампаздық пен еңбек ететін виртуалды орта ретінде қабылдануы керек. Азаматтарымыз үшін смартфон уақытты өткізетін қымбат ойыншық қана емес, тиімді жұмыс құралына айналуы тиіс. Сондықтан үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады», – деді Тоқаев.
Тағы да оқыңыз: Тоқаев бизнеске тағы үш жылға мораторий енгізуді ұсынды