
Президент салық саясатын жетілдіру және салық салудағы әділдікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Мемлекет басшысы ірі дәулет иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Бұл ретте заңды жолмен алынған активтерге шектеу қою көзделмейтінін атап өтті.
«Әңгіме әрбір азаматтың еліміздің дамуына шамасына сай, адал үлес қосуы туралы болып отыр. Әңгіме әділдік туралы», – деді президент.
Үкімет пен Құрылтайға осы мәселені зерделеп, ұсыныстар енгізу тапсырылды. Сонымен қатар салық жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрландыруды күшейтіп, озық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану қажеттігі айтылды. Бұл салықтың жиналуын арттыруға, көлеңкелі экономиканы қысқартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін қолдану барысында бизнес кездесіп отырған қиындықтарға да назар аударды.
«Салық кодексі – бұлжымас қағида да, қасиетті жазба да емес. Ол нақты өмірден алшақ болмауға тиіс», – деді президент.
Осыған байланысты заңнамадағы қайшылықтарды жою, нормалардың әрқилы түсіндірілуіне жол бермеу және кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту қажеттігі айтылды. Салық жүйесі бизнестің дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмеуге тиіс.
Президент Үкіметке бизнес өкілдерінің пікірін ескеріп, салық заңнамасына нақты түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырды. Өзгерістер кәсіпкерлердің жұмыс істеу ережелерін қайта-қайта өзгертпейтіндей, жан-жақты сараланып қабылдануы қажет.