
Қазақстанда көлік жууға ауызсуды пайдалануға тыйым салынбақ. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Автокөлік жуу орындарында технологиялық мақсаттарға орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектеу бойынша Су кодексіне түзетулер әзірленді», – деді министр.
Министрдің айтуынша, Су кодексінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, суды үнемдеу, су объектілерін қорғау және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттары бекітілген.
Суды пайдалануға мемлекеттік бақылау да күшейтілген. Жыл басынан бері 758 заңбұзушылық анықталды. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен екі есе көп.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы жолдауында елдегі су рерустарын үнемдеу мәселесіне назар аударған.
«Ең алдымен, қазіргі жағдайда құндылығын асыра бағалау қиын су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалану қағидаттарын барлық жерде енгізу қажет. Үкімет пен әкімдіктер су тұтынуды бақылауды күшейтіп, желілердегі шығынды азайтуға және ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, оның ішінде автокөлік жуу орындарында жұмсауға жол бермеуге тиіс. Су өзінің нақты құнымен бағалануы керек», – деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Имран Османов Алматыда су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескерткен.