Қалайы қорының 70%-ы бар: Solidcore Resources «Сырымбет» кен орнын игеруді бастайды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
«Сырымбет» кен орын игеруді бастайды /Фото: shutterstock

Solidcore Resources plc Компаниясының Директорлар кеңесі Солтүстік Қазақстан облысындағы «Сырымбет» қалайы-мыс кен орнын игеруге қатысты түпкілікті инвестициялық шешімді бекітті, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Жобаның басты инвесторы – AIX биржасында тіркелген Solidcore (үлесі 55%), ал оның серіктесі – Lancaster Group (үлесі 45%).

Жоба операторы ретінде Solidcore құрылыс жұмысын 2026 жылдың үшінші тоқсанында бастап, өндірістік кешенді 2029 жылдың екінші жартысында іске қосуды жоспарлап отыр. Ал 2030 жылы кен орны жобалық қуатқа толық шықпақ.

Жобаның бастапқы капитал шығыны 468 млн АҚШ долларын құрайды және бұл қаражаттың шамамен 60%-ы тікелей Қазақстан экономикасында игеріледі. Жоба банк қарызы мен құрылтайшылардың өз капиталы есебінен қаржыландырады.

Әлемдегі игерілмей жатқан ең ірі қалайы кен орындарының бірі саналатын «Сырымбетте» ашық әдіспен кен өндіру мерзімі 10 жылға (2029–2038 жылдар) есептелген.

Орталық карьердің алғашқы кен қоры 24,2 млн тоннаны құрайды, мұнда 101 мың тонна қалайы мен 36 мың тонна мыс бар.

Жоба аясында жылына 2,5 млн тонна кен өңдейтін байыту фабрикасы салынып, жылына орта есеппен 6 мың тонна қалайы мен 4 мың тонна мыс концентраты шығарылады.

Сонымен қатар, 2027 жылдан бастап іргелес аумақтарда қосымша барлау жұмысын жүргізу арқылы ресурс базасын одан әрі кеңейту көзделген.

Қалайы мен мыс электр өткізу, электронды өнеркәсіп, жасанды интеллект және электр көліктері үшін аса маңызды метал болғандықтан, «Сырымбет» жобасы Қазақстанға әлемдік қалайы нарығындағы ірі ойыншылардың біріне айналуға мүмкіндік береді.

Solidcore Орта Азиядағы ең ірі қалайы кен орнына 315 млн доллар инвестиция құятыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз