
Премьер-министр Олжас Бектенов микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі бойынша ұсыныстарды екі апта ішінде үкіметке енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Олжас Бектеновтің айтуынша, ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, бизнес-омбудсменмен және депутаттармен бірлесіп, мораторий енгізу мәселесін талқылауы керек.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайту және олардың жұмысына шамадан тыс араласуға жол бермеу. Тиісті ұсыныстарды үкіметке екі апта ішінде енгізу керек», – деді премьер-министр.
Бұған қоса, ұлттық экономика министрлігіне жыл соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Жоспарда шағын бизнестің орта бизнес санатына өтуін ынталандыру және кәсіпорындардың ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту шаралары қамтылуы керек. Бұл ретте жеке инвестиция тартуға басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, кәсіпорындар шығаратын өнімді тұрақты өткізу тетіктерін әзірлеу қажет.
Мемлекет басшысы өз жолдауында бизнеске тағы үш жылға мораторий енгізуді тапсырды.