
Британдық әзілкеш Саша Барон Коэн өзінің Борат кейіпкері үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұл туралы ол Happy Sad Confused подкастында айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Бораттың бейнесі шынайы Қазақстанға және ел азаматтарына ешқандай қатысы жоқ
Актер Борат туралы фильм жарыққа шыққаннан кейін, Қазақстан елшілігі шағым жолдағанын еске алды. Коэннің айтуынша, айтылған сын-ескертпелер орынды болған.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, қазақстандықтардан кешірім сұрағым келеді. Мен сіздердің акценттеріңізге салып сөйлей алмаймын. Тіпті, сіздердің қандай акцентпен сөйлейтіндеріңізді де білмеймін», – деді ол.
Коэн қазақстандықтардың сыртқы келбеті Боратқа ұқсамайтынын, ал кейіпкеріне тән мұрт ел тұрғындарының шынайы келбетін бейнелемейтінін атап өтті.
«Өтінемін, қазақстандықтар, маған ренжімеңіздер. Мен сіздерге тек құрметпен қараймын», – деді әзілкеш.
Сонымен қатар актер Бораттың бейнесі Қазақстаннан гөрі кейіпкер араласқан адамдардың надандығымен көбірек байланысты болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, олар бұрын-соңды естіп көрмеген елде фильмде көрсетілгендей ақылға қонымсыз жағдайлар болуы мүмкін дегенге сенуге дайын болған.
Айта кететін жайт, Борат жарнамасынан кейін басы дауға қалған SHOQAN иесі қанша салық төлегені белгілі болды.