
Жанболат Найзабеков Мадияр Серікбаев сахнада ойнап жатқанда анасы қайтыс болғанын айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Өнер қырандары» театрының актерлері қаралы хабарды оған естіртпеуге бел буған. Жанболат Найзабеков бұл ауыр қаза туралы Аман Тасығанға берген сұхбатында баяндап берді.
«Мадияр анасының қабірінің басына келіп тұрған баланы ойнап жатыр. «Анашым, кешірші» деп. Мына жақта менің телефоным шырылдауда. Мәкеңе әпкесі қоңырау шалып жатыр. Телефонын көтерсем, «мамадан айырылып қалдық», – дейді. Екі сеанс бойы айтпадық. Сағат онда концерт бітті. Мәкең келіп, гримеркада бетін сүртіп жатыр. Мұндай жаңалықты ол да күткен жоқ», – деді Жанболат Найзабеков.
Актердің айтуынша, Мадияр Серікбаевтың анасы қатты ауырған. Өмірінің соңында жүре алмай қалған.
Қаралы хабарды Мадияр Серікбаевтан басқа «Өнер қырандардары» театрының алты актері естіген. Қатты қиналған. Айтпағаны үшін өздерін кінәлі санаған. Бірақ жиналған халықты ойлап, жақ ашпауды жөн көрген. Өйткені естіртуден кейін Мадиярдың сахнада ойнауға дәрмені қалмайтынын сезген.
Айта кететін жайт, Мадияр Серікбаев қызына пентхаус сыйлаған болатын.