
«Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында «Saz&Soul» тобының концерті өтті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратынша, кеште қазақтың халық әуендері джаз, блюз және фанк жанрларымен үндесіп, жаңаша өңдеуде орындалды.
«Концертте «The Voice Қазақстан» жобасының жеңімпазы Нұрай Шеру алғаш рет топтың солисі ретінде сахнаға шықты. Бұл өнер ұжымының шығармашылық жолындағы жаңа кезеңнің бастамасы болды», – делінген ақпаратта.
Ән кешінде Дастан Оразбеков, Марсель, AL NASR және Мәди Сыздықов та өнер көрсетіп, топпен бірге музыкалық нөмірлер ұсынған.
Концерт барысында «Өмірді сүй» атты жаңа ән шырқалды. Жаңа туындыны топ AL NASR мен Дастан Оразбеков бірге орындады.
Бағдарлама Естайдың «Құсни-Қорлан» әні, «Сүгірдің термесі», «Жер ана», «Жетеле», «Әдемі», «Махаббат гүлі солмайды», «Бақытты бол», «Көк аспан» және өзге де танымал шығармаларды қамтыды.
«Saz&Soul» тобы бұл концертте ұлттық музыканы заманауи жанрларда тыңдарманға жаңаша ұсынып, көпшіліктің ыстық-ықыласына бөленді.
Айта кететін жайт, «Астана Опера» театрында А.Кестнердің музыкасына қойылған «Чарли мен Ирэн» балетінің әлемдік премьерасы өткен еді.