
Қараша айында күн суытып, жылыту маусымы қыза түседі. Бұл кезде үйдің жылуын сақтау ғана емес, коммуналдық төлемді де мүмкіндігінше азайту маңызды. Ол үшін міндетті түрде қымбат жөндеу жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ. Терезе мен есікті дұрыс оқшаулау, радиаторлардың жұмысын жақсарту және бөлмені тиімді желдету арқылы үйдегі жылуды сақтауға болады.
1. Терезе мен есіктен суық ауа кірмеуін қадағалаңыз
Үйдегі жылудың сыртқа шығуына терезе мен есік жақтауларындағы саңылаулар себеп болуы мүмкін. Әсіресе ескі терезелер мен есіктерден суық ауа жиі өтеді.
Мұндай жағдайда:
- терезе жақтауларындағы саңылауларды арнайы тығыздағыш таспамен бітеу;
- есіктің төменгі жағына суық өткізбейтін арнайы тығыздағыш орнату;
- терезе мен қабырға түйіскен жерлердегі жарықтарды тексеру қажет.
Саңылауларды бітеу – үйдегі жылуды сақтаудың ең қолжетімді тәсілдерінің бірі. Мұндай шаралар жылыту шығынын 25%-ға дейін азайтуы мүмкін.
2. Қалың перде пайдаланыңыз
Терезе арқылы бөлмедегі жылудың бір бөлігі сыртқа шығады. Сондықтан суық түскенде қалың әрі тығыз перде пайдаланған дұрыс.
Күндіз, күн сәулесі түсіп тұрған кезде пердені ашып қойған жөн. Ал күн батқан соң жауып, бөлмедегі жылуды сақтауға болады.
Перде радиаторды толығымен жауып қалмауы керек. Әйтпесе жылы ауа бөлмеге дұрыс таралмайды. Мамандар терезеге жақын орналасқан радиатордың жылуын пердемен бөгемеуге кеңес береді.
3. Радиаторлардың алдына жиһаз қоймаңыз
Кейде бөлме дұрыс жылымаса, мәселе жылу жүйесінде емес, радиатордың алдына қойылған жиһазда болуы мүмкін.
Диван, шкаф немесе қалың перде батареяның жылуын бөлмеге таратуға кедергі келтіреді. Сондықтан радиатордың айналасын ашық ұстаған жөн.
Сондай-ақ батареяның үстіне киім кептірмеген дұрыс. Бұл да жылы ауаның бөлмеге таралуына кедергі келтіруі мүмкін.
Егер радиатордың бір бөлігі ғана жылып, қалған тұсы суық болса немесе батарея мүлде қызбаса, оны өз бетіңізше бөлшектемей, үйдің жылу жүйесіне жауапты мамандарға хабарласқан жөн.
4. Бөлмені дұрыс желдетіңіз
Қыста терезені ұзақ уақыт ашып қою бөлменің суып кетуіне әкеледі. Бірақ үйді мүлде желдетпеу де дұрыс емес. Бұл ауадағы ылғалдың көбеюіне, терезелердің булануына және көгерудің пайда болуына себеп болуы мүмкін.
Сондықтан бөлмені қысқа уақытқа, бірақ жақсылап желдеткен дұрыс. Желдету кезінде терезені толық ашып, ауа алмасуын қамтамасыз етіп, кейін қайта жабыңыз. Үйдегі желдету жүйесінің де дұрыс жұмыс істеп тұрғанын тексеру қажет.
5. Еден мен қабырғаның жылу оқшаулауына назар аударыңыз
Егер үйдің едені үнемі суық болса, қалың кілем төсеу бөлмедегі жайлылықты арттыруға көмектеседі. Әсіресе бірінші қабаттағы пәтерлерде еденнің жылу оқшаулауы маңызды. Ал қабырғалардан суық өтсе, мәселені тек қалың пердемен шешу қиын. Мұндай жағдайда қабырғаның жылу оқшаулауын тексеріп, қажет болса, мамандарға жүгінген жөн.
Жеке үйлерде шатыр мен төбенің жылу оқшаулауына да көңіл бөлу керек. Себебі жылудың едәуір бөлігі осы бөліктер арқылы жоғалуы мүмкін.
6. Үйдегі температураны бірқалыпты ұстаңыз
Бөлмені шамадан тыс ысыту да артық шығынға әкелуі мүмкін. Егер үйде реттелетін жылыту жүйесі болса, температураны өзіңізге жайлы деңгейде ұстаған дұрыс.
Мамандар қыс мезгілінде термостатты 18–20 градус аралығына қоюды ұсынады. Сондай-ақ температураны бір градусқа төмендету жылыту мен салқындатуға жұмсалатын энергияны 5–10%-ға азайтуы мүмкін екенін көрсетеді.
Алайда бұл кеңес жеке реттелетін жылыту жүйесі бар үйлерге қатысты. Орталықтандырылған жылу жүйесі бар көпқабатты үйлерде пәтер ішіндегі температураны реттеу мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін.
7. Жылу есептегішінің көрсеткішін бақылаңыз
Коммуналдық төлемді азайтудың тағы бір жолы – үйдегі жылу есептегішінің бар-жоғын және оның дұрыс жұмыс істеуін тексеру.
Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспабын орнату тұтынушыларға жылу шығынын бақылауға мүмкіндік беретінін түсіндірген.
Егер есептегіш болмаса, жылу ақысы бекітілген тұтыну нормалары мен тарифтер негізінде есептелуі мүмкін. Ал есептегіштің тексеру мерзімі өтіп кетсе, төлем нақты көрсеткіш бойынша емес, белгіленген нормаға сәйкес есептелуі ықтимал. Сондықтан ПИК немесе МИБ арқылы есептегіштің техникалық жағдайын және тексеру мерзімін анықтап алған жөн.