
Димаш Құдайберген Түркияда Түркі елдері көшбасшыларының алдында өнер көрсетті, деп хабарлайды Kursiv.media.
Бұл туралы «PRESIDENT» арнайы жобасының авторы және жүргізушісі Әділ Балтабаев хабарлады. Оның айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында ел басшыларына арналған мерекелік концерт өткен.
Концерт барысында Түркия көшбасшысы Реджеп Тайип Ердоған, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және өзге де елдердің президенттері Димаштың өнеріне ерекше ілтипат білдірді.
«Сахна төрінде түркі халықтарының әндері шырқалып, ұлттық билері орындалды. Түркияның Президенттік симфониялық оркестрі мен «Түркі әлемі» ансамблі көрерменге ерекше музыкалық кеш сыйлаған», – деп жазды Әділ Балтабаев.
Концерт аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев Димашпен арнайы әңгімелескен.
Мұның алдында Димаш Құдайберген мүлде жаңа әндер кірген альбомын шығаратынын жария етті.