
1 қараша – Дүниежүзілік вегандар күні, ет жемейтіндердің өмір салты әлемде кеңінен таралып келеді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Vegan-day ақпаратына қарағанда, басты мақсат – жануарларға зиян келтірмей, өсімдік тектес тағамдарды тұтыну және қоршаған ортаны қорғау. Бүгінде вегандық өнімдер мен тағамдар ұсынатын дүкендер, мейрамханалар мен қонақүйлер саны артып келеді. Бұл вегандықтың уақытша сән емес, саналы өмір салтына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Мерекенің тарихы
Дүниежүзілік вегандар күні 1994 жылы Англияда пайда болды. Бұл бастаманы Вегандар қоғамының президенті Луиза Уоллис көтерген. Ол ұйымның құрылғанына 50 жыл толуына орай вегандық қозғалыстың маңызын кеңінен танытуды мақсат етті.
1 қараша күні Хэллоуин мен Мексикада атап өтілетін Өлілер күнінің аралығына сәйкес келгендіктен таңдалған. Содан бері бұл күн әлемнің түкпір-түкпіріндегі вегандарды біріктіріп, өсімдік негізіндегі өмір салтын насихаттайтын халықаралық мерекеге айналды.
Мақсаты неде
Бұл күннің басты мақсаты – вегандық өмір салтының артықшылықтарын түсіндіру, жануарлар құқығы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару.
Осы күні түрлі ақпараттық шаралар өткізіліп, адамдарға вегандық тамақтанудың пайдасы туралы мәліметтер таратылады. Сондай-ақ ет тұтынатындармен және вегетариандармен ашық пікір алмасып, саналы тұтынудың маңызы түсіндіріледі.
Қалай атап өтіледі
1 қарашада Берлин, Кёльн, Гамбург сияқты қалаларда вегандық ұйымдардың қатысуымен түрлі іс-шаралар, көрмелер мен ақпараттық кездесулер ұйымдастырылады. Қонақтар өсімдік тектес тағамдардан дәм татып, вегандық өмір салты туралы көбірек біле алады.
Бұл күнді атап өту үшін арнайы ұйымға мүше болу міндетті емес.
Айта кететін жайт, бұрын мейрамханаларда калориясы аз, веган тамақтар трендте болды. Бірақ тойымды, бірақ құрамы түсінікті әрі қарапайым тамақ алға шығып келеді.