Дәрігермен төбелескен адамның әйелі маманның үстінен шағымданды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы
фото: Маңғыстау Медиа

Дәрігермен төбелескен тұрғынның әйелі маманның үстінен шағымданып отыр. Ол хирургтың әрекетіне наразы деп жазады Kursiv Media.

Азима Алламбергенова есімді әйелдің жазуынша, оның алты жасар баласы жедел аппендицит белгісімен 19 қазанда ауруханаға жеткізілген. Бірақ сол күні қабылдап алған хирург өз деңгейінде тексермегенін айтады.

«Алайда дәрігерлер баламды тиісті деңгейде тексермей, хирургтардың қарауынсыз укол салумен шектелді. Балам қатты ауырсынып, қиналды. Біз бірнеше рет көмек сұрап, талап еткеннен кейін ғана операция 20 қазан күні танда болды. Сол уақытта шұғыл деп балаға операция жасалды», – деп жазады ол.

Ал оның күйеуінен жәбір көрген хирург бастапқыда баласында соқырішек жоқ екенін айтқан, бірақ кейінірек ол диагноз дұрыс емес екені анықталады. Одан бөлек дәрігер намысына тиетін сөздер айтқанын, өзін дөрекі ұстағанын жазады.

Отадан кейін бала ауруханада бірнеше күн жатып шығады. Бірақ жағдайы қайта нашарлап, 31 қазанда тағы да ауруханаға келеді. Хирург тағы да бірден қабылдамай, баланың жағдайы нашарлап тұрғанына қарамастан әуре-сарсаңға салған көрінеді.

«Атап айтқанда, «балаңды қарайын ба, қарамайын ба?» деп мысқылдап сөйлеп, мені келемеждегендей әрекет көрсетті. Баламның өңі бозарып, денесі мұздап, жағдайы нашарлады. Бізді укол салумен ғана шектеп, әуре-сарсаңға салды. Ауруханада жанжал болғанын да жасырмаймын. Жолдасым дәрігерді балағаттап, бұрышқа тақап барған. Сол кезде дәрігер жолдасымның мойнына пластикалық қаламсаппен ұрған. Соның салдарынан мойнында қызарған және қан шыққан іздер қалды», – деп жазады келіншек.

Ол медициналық көмек сапасын тексеруді, медицина қызметкері өзін лайықты ұстамағанын айтып, оның әрекетіне баға беруді сұрап отыр.

Осы мәселе бойынша Kursiv Media облыстық балалар ауруханасымен байланысты. Аурухана заңгері Сәкен Қалиевтің сөзінше, хирургтың үстінен әзірге ресми шағым түспеген. Бұл іс бойынша дәрігердің әрекетіне қатысты ешқандай тексеру жүргізілмегенін, маман өз жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.

Бұған дейін Ақтауда облыстық балалар ауруханасында дәрігерге шабуыл жасалғанын жазған едік. Аурухана мәліметінше, науқас баланың әкесі дәрігердің тексеру нәтижесімен келіспей, шу шығарған. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз