Дәрігермен төбелескен адамның әйелі маманның үстінен шағымданды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы
фото: Маңғыстау Медиа

Дәрігермен төбелескен тұрғынның әйелі маманның үстінен шағымданып отыр. Ол хирургтың әрекетіне наразы деп жазады Kursiv Media.

Азима Алламбергенова есімді әйелдің жазуынша, оның алты жасар баласы жедел аппендицит белгісімен 19 қазанда ауруханаға жеткізілген. Бірақ сол күні қабылдап алған хирург өз деңгейінде тексермегенін айтады.

«Алайда дәрігерлер баламды тиісті деңгейде тексермей, хирургтардың қарауынсыз укол салумен шектелді. Балам қатты ауырсынып, қиналды. Біз бірнеше рет көмек сұрап, талап еткеннен кейін ғана операция 20 қазан күні танда болды. Сол уақытта шұғыл деп балаға операция жасалды», – деп жазады ол.

Ал оның күйеуінен жәбір көрген хирург бастапқыда баласында соқырішек жоқ екенін айтқан, бірақ кейінірек ол диагноз дұрыс емес екені анықталады. Одан бөлек дәрігер намысына тиетін сөздер айтқанын, өзін дөрекі ұстағанын жазады.

Отадан кейін бала ауруханада бірнеше күн жатып шығады. Бірақ жағдайы қайта нашарлап, 31 қазанда тағы да ауруханаға келеді. Хирург тағы да бірден қабылдамай, баланың жағдайы нашарлап тұрғанына қарамастан әуре-сарсаңға салған көрінеді.

«Атап айтқанда, «балаңды қарайын ба, қарамайын ба?» деп мысқылдап сөйлеп, мені келемеждегендей әрекет көрсетті. Баламның өңі бозарып, денесі мұздап, жағдайы нашарлады. Бізді укол салумен ғана шектеп, әуре-сарсаңға салды. Ауруханада жанжал болғанын да жасырмаймын. Жолдасым дәрігерді балағаттап, бұрышқа тақап барған. Сол кезде дәрігер жолдасымның мойнына пластикалық қаламсаппен ұрған. Соның салдарынан мойнында қызарған және қан шыққан іздер қалды», – деп жазады келіншек.

Ол медициналық көмек сапасын тексеруді, медицина қызметкері өзін лайықты ұстамағанын айтып, оның әрекетіне баға беруді сұрап отыр.

«Заң аясында жасадым»

Бұл іске қатысты дәрігердің пікірін блогер Азамат Сәрсенбаев жеке парақшасында жариялады. Қанат Исмаил есімді маман – облыстық балалар ауруханасында қабылдау бөлімінің хирург-дәрігері. Осы салада 20 жылдан аса жұмыс істейді.

«Мен баланы тек 15 минут қана көріп үлгердім. Ол 19 қазанда менің кезекшілігімнің соңында 18:51-де келді. Тиісті тексерулер тағайындап, оны басқа кезекші дәрігерге тапсырдым. Одан кейін ол баланы көрген жоқпын. Қанат Исмаил аппендицит деген даигноз қойды, отаға қатысқан жоқ деп жатыр. Мүлде олай болған емес», – дейді маман.

Екінші рет отадан кейін қайта қабылдауға келгенде жанжал шыққан.

«30 минут ішінде талдамаларын, рентген және басқаларын тексердік. Балада отадан шығып қойғанын, бала да басқа да аурулар болуы мүмкін екенін түсіндірмек болғанда, ол маған бас салды. Бірақ мен онымен ұрысқан да, дөрекі сөйлескенде емеспін. Барлығы заң аясында болды», – деп түсіндіреді ол.

Егер ауруханаға келген әр адам осылай тап бере берсе, әрі қарай қалай жұмыс істейміз дейді аурухана дәрігері.

Осы мәселе бойынша Kursiv Media облыстық балалар ауруханасымен байланысты. Аурухана заңгері Сәкен Қалиевтің сөзінше, хирургтың үстінен әзірге ресми шағым түспеген. Бұл іс бойынша дәрігердің әрекетіне қатысты ешқандай тексеру жүргізілмегенін, маман өз жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.

Бұған дейін Ақтауда облыстық балалар ауруханасында дәрігерге шабуыл жасалғанын жазған едік. Аурухана мәліметінше, науқас баланың әкесі дәрігердің тексеру нәтижесімен келіспей, шу шығарған. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз