
Бизнеске үш жылдық мораторий 2027 жылы енгізілмек. Бастама кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, мемлекеттік тексерулерді қысқартуға бағытталған. Алайда мораторий бизнесті барлық бақылау шарасынан босата ма, салықтық міндеттемелер мен заң алдындағы жауапкершілікке әсер ете ме? Сондай-ақ тексерулердің азаюы тұтынушылардың құқықтары мен қауіпсіздігіне қалай ықпал етеді? Kursiv.Media тілшісі бұл сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Микро және шағын бизнеске қатысты ұсынылып отырған үш жылдық мораторий кәсіпкерлерді мемлекеттік бақылау жүктемесінен уақытша босатуға бағытталған. Алайда бұл іс-шара заң талаптарын орындау міндетін немесе құқық бұзу жауапкершілігін жоймайды. Заңгер Александр Даниловский мораторий аясында қандай тексерулер тоқтатылуы мүмкін екенін, қандай бақылау шаралары жалғасатынын және оның тұтынушылардың құқықтарына әсерін түсіндірді.
Мораторий кәсіпкерлерді жауапкершіліктен босата ма
Заңгердің айтуынша, егер жаңа мораторий бұрынғы 2020-2023 жылдардағы тәжірибе негізінде әзірленсе, микро және шағын бизнеске қатысты тәуекелдерді бағалау жүйесі бойынша жүргізілетін жоспарлы тексерулер мен объектіге бару арқылы жүзеге асырылатын профилактикалық бақылау тоқтатылуы мүмкін.
«Яғни инспектор кәсіпорын тексеру тізіміне енгені үшін ғана келмейді. Орта және ірі бизнес, болжам бойынша, мораторий аясына кірмейді. Себебі президенттің жолдауында микро және шағын бизнес туралы ғана айтылған», – деп түсіндірді Александр Даниловский.
Сонымен қатар мораторийге қарамастан бірқатар мемлекеттік тексерулер жалғасады. Олардың қатарында қылмыстық істер аясындағы, прокуратураның президент немесе бас прокурор тапсырмасы бойынша жүргізетін, кедендік және қарсы салықтық тексерулер бар. Адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда да бақылау шаралары тоқтатылмайды.

Заңгер камералдық бақылау мәселесіне де назар аударды. Бұл – салық органдарының деректерді қашықтан салыстырып, тексеруі. Оның айтуынша, камералдық бақылау мораторий аясына кірмейді. Ал банктік шоттарды бұғаттау көбіне дәл осы бақылау нәтижесінде жүзеге асырылады.
«Мораторий мемлекеттің бизнесті тексеру тәсілін шектейді, бірақ кәсіпкердің заң алдындағы міндеттемелерін жоймайды. Айыппұлды көшпелі тексерусіз де алуға болады. Мысалы, камералдық бақылау немесе әкімшілік іс жүргізу нәтижесінде», – дейді маман.
Оның сөзінше, үш жылдық кезеңдегі салық міндеттемелері де күшінде қалады. Егер тиісті құжатта арнайы ескерту көзделмесе, мораторий аяқталғаннан кейін сол кезеңдерге тексеру жүргізілуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер бұл шараны жауапкершіліктен толық босату деп қабылдамауы керек.
Маман тексерулердің қысқаруы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесіне де әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, алдыңғы мораторий кезеңінде тұтынушылардан түсетін өтініштер саны артқан. Бұған интернет-сауданың өсуі де ықпал еткен.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау тексерулерге ғана байланысты емес. Азамат сатушыға шағым түсіріп, уәкілетті органға жүгіне алады немесе сотқа талап арыз бере алады. Мораторий бұл құқықтардың ешқайсысын жоймайды», – деп атап өтті Александр Даниловский.
Сонымен қатар заңгер азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тауарлары сияқты адам денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін салаларда бақылауды сақтау маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, тұтынушылардың нақты шағымдары бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізу мүмкіндігі де қарастырылуы қажет.
Кәсіпкерлердің мораторийді теріс пайдалануына жол бермеу үшін цифрлық бақылау тетіктерінің маңызы арта түседі. Қазіргі уақытта салық органдары кәсіпкерлердің айналымын онлайн-кассалар, банктер және электрондық шот-фактуралар арқылы қашықтан бақылай алады. Бұған қоса, контрагенттер арқылы жүргізілетін қарсы тексерулер де қолданылады.
Заңгер 2026 жылғы салықтық мораторийде белгілі бір шектеулер қарастырылғанын еске салды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 17 желтоқсаннан кейін өткен кезеңдер үшін қосымша салық есептілігін тапсырған немесе бұрынғы есептілігін кері қайтарып алған кәсіпкерлер мораторийдің қорғау шараларына ілікпейді. Оның пікірінше, осыған ұқсас талаптар жаңа мораторийде де болуы мүмкін.
Сондай-ақ қаржы министрлігі 2021 жылы мораторийдің кассалық тәртіптің әлсіреуіне әсер еткенін мәлімдеген болатын. Бұл жағдай мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру кезінде цифрлық құралдар мен тәуекелдерді бағалау тетіктерінің маңызын көрсетеді.
Александр Даниловский мораторийді кәсіпкерлер үшін уақытша жеңілдік ретінде қарастыру қажеттігін айтады. Оның негізгі мақсаты – бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту. Алайда бұл заң талаптарын сақтамауға немесе тұтынушылар алдындағы жауапкершіліктен жалтаруға негіз болмауы тиіс.
Ал экс-депутат, кәсіпкер Айтуар Қошмамбетов үш жылдық мораторий кәсіпкерлерді мемлекеттік тексерулерден уақытша қорғаумен ғана шектелмеуі керек деп есептейді. Бұл кезең бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, цифрлық жүйелерді жетілдіруге және мемлекеттік бақылауды қайта ұйымдастыруға бағытталуы тиіс.
Оның айтуынша, қазір кәсіпкерлерге бір ғана тексеру немесе салықтық талап емес, бірнеше фактордың жиынтық әсері қиындық туғызып отыр. Инфляция, қаржыландыру құнының жоғарылығы және жаңа әкімшілік талаптарға бейімделу бизнес шығындарын арттырады.

«Меніңше, қазір кәсіпкерлерге осы факторлардың жиынтық әсері қиындық туғызып отыр. Инфляция шығынды өсіреді, қаржыландыру қымбат, соған жаңа салықтық және әкімшілік талаптарға бейімделу шығыны қосылады. Қыркүйекте жылдық инфляция 9,3%, ал шағын кәсіпорындарға берілген жаңа теңгелік несиелердің орташа мөлшерлемесі 22,7% болды. Мұндай жағдайда бизнеске айналым қаражатын табу қиын», – дейді Айтуар Қошмамбетов.
Экс-депутат әкімшілік жүктеменің тексерулермен шектелмейтінін атап өтті. Биыл кәсіпкерлер жаңа салық кодексіне, ұлттық тауарлар каталогына, қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне, ИСНА жүйесіндегі жаңа салық төлеуші кабинетіне, электрондық шот-фактуралар жүйесіндегі өзгерістерге және жекелеген тауарларды міндетті таңбалау талаптарына бейімделіп жатыр.
Оның сөзінше, аталған жүйелердің әрқайсысының өзіндік мақсаты болғанымен, оларды енгізу кәсіпкерден қосымша уақыт пен қаражат талап етеді.
«Бағдарламаны жаңарту, тауар туралы деректерді енгізу, бухгалтерді оқыту, есеп жүйелерін сәйкестендіру қажет. Кейде қосымша маман жалдауға немесе сырттан қызмет сатып алуға тура келеді. Ірі компания мұны жеке бөлімге тапсыра алады. Шағын бизнесте осы жұмыстың көбі кәсіпкердің өзіне немесе бір бухгалтерге түседі», – деп түсіндірді ол.
Осы тұрғыда Айтуар Қошмамбетов президент ұсынған үш жылдық мораторийді бизнес пен мемлекеттің жаңа реттеу жүйесіне дайындалу кезеңі ретінде қарастырады. Оның пікірінше, осы уақыт ішінде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, олардың өзара байланысын жақсарту және кәсіпкерлерден бір мәліметті бірнеше рет сұрату тәжірибесін қысқарту қажет.
Мораторий кәсіпкерге қандай жеңілдік береді
Экс-депутаттың пікірінше, кәсіпкерлер үшін негізгі жеңілдік – уақытын, қаражатын және жұмысын алдын ала жоспарлау мүмкіндігі. Егер мораторий аясында жоспарлы тексерулер тоқтатылса, құжат жинау, тексеруге дайындалу және түсініктеме беру сияқты жұмыстарға жұмсалатын шығын азаяды.
«Кәсіпкер үшін негізгі жеңілдік уақытын, қаражатын және жұмысын алдын ала жоспарлау мүмкіндігі болып отыр. Шағын кәсіпорында тексеруге дайындықпен көбіне кәсіпкердің өзі немесе бір бухгалтер айналысады. Олардың уақыты тапсырысқа, өндіріске, сатуға жұмсалуы мүмкін», – дейді ол.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметкер мен кәсіпкер арасындағы тікелей қарым-қатынастың азаюы субъективті шешімдерге, негізсіз талаптарға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты мәселелерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Алайда Қошмамбетов мораторий кезінде адам өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнген жағдайларда мемлекеттік органдардың жедел әрекет ету мүмкіндігі сақталуы керектігін ескертеді. Мысалы, балабақшадағы тамақтан улану қаупі туралы негізді ақпарат болса, уәкілетті органның араласуына мүмкіндік берілуі тиіс.
Оның пікірінше, мораторий аяқталғаннан кейінгі жағдай да алдын ала реттелуі қажет.
«Үш жыл бойы тексермей, кейін сол кезеңнің бәрін бірден қамтып, кәсіпкерге ірі көлемде қосымша салық, өсімпұл мен айыппұл есептеу қаупін алдын ала реттеу керек. Мұндай белгісіздік сақталса, кәсіпкер үш жыл бойы еркін жоспарлай алмайды», – деп атап өтті экс-депутат.
Бұрынғы мораторийлер қандай нәтиже көрсетті
Айтуар Қошмамбетов Қазақстандағы бұрынғы мораторийлер кәсіпкерлердің тексерулерге байланысты жүктемесін азайтып, мемлекеттік бақылау жүйесін жаңартуға уақыт бергенін айтады.
Мәселен, 2014 жылғы мораторий шағын және орта бизнесті тексеруді сол жылдың 2 сәуірінен бастап жыл соңына дейін шектеді. Бұл кезеңде артық талаптарды қысқарту, тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіру және кәсіпкерлік кодексінің жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Кодекс 2015 жылы қабылданды.
Ал 2019 жылғы желтоқсанда қабылданып, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген мораторий шағын және микробизнеске қатысты тексерулерді үш жылға шектеді. Кейін оның мерзімі 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды.
Үкіметтің есебіне сәйкес, шағын және микробизнесті тексеру саны 2019 жылғы 66,2 мыңнан 2020 жылы 9,3 мыңға дейін, яғни шамамен жеті есе қысқарған.
Сонымен қатар «таза парақтан» реттеу жұмыстары қолға алынып, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар қайта қаралды. Экс-депутаттың айтуынша, 2024 жылғы 6 сәуірде қабылданған заң арқылы 10 мыңнан астам артық талап жойылған.
«Сондықтан бұрынғы реформаларға жұмсалған күштің нәтижесі болғанын мойындау керек. Сонымен бірге кәсіпкердің күнделікті жұмысын жеңілдететін тұтас жүйені қалыптастыру міндеті әлі өзекті», – дейді ол.
Қошмамбетов мораторий кәсіпкерлерді заң талаптарын орындау міндетінен босатпайтынын атап өтті. Салық төлеу, есептілікті уақытында тапсыру, еңбек қатынастарын дұрыс рәсімдеу және басқа да міндетті талаптарды орындау жалғаса береді.
«Мораторий мемлекеттік бақылаудың белгілі бір рәсімдеріне шектеу қояды. Ал кәсіпкердің заң талаптарын сақтау және өз қызметіне жауап беру міндеті сақталады», – деп түсіндірді экс-депутат.
Оның пікірінше, бұл ретте кәсіпкерлер үшін талаптардың түсінікті болуы, өзгерістер туралы алдын ала хабарлануы және жаңа ережелерге бейімделуге жеткілікті уақыт берілуі маңызды.
Экс-депутаттың айтуынша, мораторий енгізілгенімен, тұтынушылардың қауіпсіздігі төмендемеуі тиіс. Кәсіпкер қауіпсіз өнім ұсынуға міндетті, ал мемлекет нақты қауіп туралы деректерге жедел әрекет етуі керек.
Ол бұрынғы мораторий кезеңдеріндегі қауіпсіздік көрсеткіштерін де мысалға келтірді. Мәселен, төтенше жағдайлар министрлігінің 2021 жылғы есебінде 11 айдың қорытындысы бойынша бақылаудағы нысандарда өрт саны 7,4 пайызға, тұрғын үй секторында 14,6 пайызға азайғаны көрсетілген. Алайда 2023 жылғы деректерде кейбір көрсеткіштер бойынша өсім де тіркелген. Сондықтан жекелеген статистиканы барлық салаға ортақ қорытынды ретінде қарастыруға болмайды.
«Кәсіпкерлердің адал жұмыс істеуіне сенім, нысаналы профилактика және негізді шағымға жедел әрекет ету қатар жүруі қажет. Қауіпті өнімді айналымнан алу, тұтынушыға залалын өтеу және заң бұзған тұлғаның жауапкершілігі де қамтамасыз етілуі тиіс», – дейді Айтуар Қошмамбетов.
Үш жыл ішінде бизнес қандай нәтижеге қол жеткізе алады
Экс-депутаттың пікірінше, үш жыл кәсіпкерлер үшін өндірісті кеңейтуге, жабдықтарды жаңартуға және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін кезең болуы тиіс. Бірақ бұл үшін тұрақты ережелер, қолжетімді қаржы және мемлекеттік органдармен жұмыс істеудің түсінікті тәртібі қажет.
«Үкіметке де нақты тапсырма берілді. 2026 жылғы 29 қазандағы отырыстың қорытындысы бойынша ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен», бизнес-омбудсмен және депутаттық корпуспен бірлесіп, екі апта ішінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мораторий енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу тапсырылды. Меніңше, бұл ұсыныстарда мораторийдің кімдерге және қандай тексерулерге қатысты болатыны ғана емес, үш жыл ішінде мемлекеттік бақылаудың жаңа жүйесіне қалай көшетініміз де нақты көрсетілуі қажет», – деді ол.
Ол цифрлық бақылау жүйелерін жетілдіру мәселесіне де тоқталды. Мемлекеттік органдар өз жүйелерінде бар ақпаратты кәсіпкерлерден қайта сұратпауы, тәуекелдерді бағалау өлшемдері ашық болуы және техникалық ақаулардан туындаған мәселелерді түзету тәртібі нақты белгіленуі керек.
Сонымен қатар қолданыстағы Digital Qazaqstan жоспарында тәуекелі төмен шағын және орта бизнеске бару арқылы жүргізілетін тексерулерді 2027 жылы кемінде 30 пайызға, 2028 жылы кемінде 50 пайызға қысқарту межелері қарастырылған.
Қошмамбетов жаңа мораторий осы жұмыстармен үйлестіріліп, әр кезең бойынша жауапты органдар мен нақты нәтижелер белгіленуі қажет деп санайды.
«Үш жылдың қорытындысын кәсіпкердің рәсімдерге жұмсайтын уақытының азаюынан, тексерулердің негізділігінен, қателердің қаншалықты жылдам түзетілетінінен көруіміз керек. Бизнес үшін түпкі нәтиже өнімділікті, нақты айналымды және ресми жұмыс орындарын өсіруге мүмкіндік алу. Ал мемлекет үшін нәтиже нақты тәуекелді дер кезінде анықтайтын және адал кәсіпкерге артық жүктеме түсірмейтін тұрақты бақылау жүйесі», – деп түйіндеді экс-депутат.
Осыған дейін үш жылдық мораторий экономикаға қалай әсер ететінін жазған едік.