
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкіметтегі брифингте Ақтауда дәрігерге жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп жазады Kursiv.Media.
«Биыл сәуір айынан бастап медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заң нормалары күшіне енген. Содан бері Қазақстан бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану деректері бойынша 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалған», – деді Әлназарова.
Министр дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың кәсіби міндетін алаңсыз атқаруына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол дәрігерлерді қорғау олардың жауапкершілігін жоққа шығармайтынын жеткізді. Егер медициналық қызмет көрсету барысында заң бұзу немесе салғырттық орын алса, оған тиісті құқықтық баға берілу керек.
«Ақтаудағы жағдай бойынша дәрігер шабуыл жасауға өзі себепкер болғанын растайтын дәлел жоқ. Бұл мәселе бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында барлық мән-жай анықталмақ», – деді Әлназарова.
Министрдің сөзінше, дәрігерлерге қатысты күш қолдану да, медициналық көмек көрсету кезіндегі ықтимал заң бұзу да заң аясында қаралуы тиіс.
Ақтауда облыстық балалар ауруханасына келген ер адам баланы ауруханаға жатқызудан бас тартқан балалар хирургіне шабуыл жасаған еді.