
Алматы қаласында дәрігердің қабылдауына жазылуды оңтайластырып, кезекті қысқарту жұмыстары күшейтіледі, деп хабарлайды Kursiv.media.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарға электрондық жазылу жүйесіндегі шектеулерді жоюды, дәрігерлердің қабылдау кестесін үнемі жаңартып отыруды және емханалар басшыларының медициналық қызметтердің қолжетімділігі үшін жауапкершілігін арттыруды тапсырды.
Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алқасының отырысында қаралды.
«Кейбір медициналық ұйымдарда бейінді мамандардың қабылдауына өз бетінше жазылуға шектеулер қою және дәрігерлердің жұмыс кестесін қалыптастыру кезінде кемшіліктер жіберу жағдайлары әлі де кездеседі», – делінген ақпаратта.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі дәрігердің қабылдауына жазылудың қолжетімділігін қамтамасыз етуді және медициналық ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыруды міндеттеді.
Айта кететін жайт, биыл денсаулық сақтау саласында маман тапшылығы айқын байқалған. Мәселен, акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме, бос тұрған 448 педиатрлардың орнына 139 түйіндеме, ал анестезиолог-реаниматологтардың 300 бос орнына 75 түйіндеме ғана тіркелген. Онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.