
Астанада тоғыз күнге созылған күрестен әлем чемпионатына 135 елден 900-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының президенті Ненад Лалович чемпионаттың ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан небәрі 4-5 айдың ішінде осындай ауқымды жарысты өткізуге дайындалған.
«Бұл ерекше әлем чемпионаты болды. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына барлығымыз куә болдық. Осы додаға атсалысқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін», – деді ол.
Сондай-ақ Ненад Лалович чемпионатты ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасовқа UWW атынан естелік сыйлық пен RUDIS компаниясының арнайы жейдесін табыстады. Бұл Қазақстан күрес тарихындағы алғашқы марапат болып отыр.
Өз кезегінде Еркін Оқасов жарысты ұйымдастыруға атсалысқандарға алғыс айтып, ұлттық құраманың нәтижесіне көңілі толмайтынын жеткізді. Ол алдағы уақытта балуандардың көрсеткішін жақсарту федерацияның басты міндеті болатынын атап өтті.
Жабылу рәсімінде әлем чемпионатының ауыспалы туы 2027 жылғы біріншілікті қабылдайтын АҚШ делегациясына табысталды.
Қазақстан құрамасы әлемдік додада 30 салмақ дәрежесінің барлығында өнер көрсетті.