
Қазақстанда инвестиция тарту жүйесін қайта құру жоспарланып отыр. Осы өзгерістер аясында ұлттық компания Kazakh Invest «Бәйтерек» холдингімен біріктірілуі мүмкін. Бұл туралы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді дипломатиялық миссия өкілдерімен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Министрдің айтуынша, Қазақстан шетелдік инвесторлардан тек қаржы құюды ғана емес, жаңа технологиялар мен басқару тәжірибесін енгізуді де күтеді.
«Қазақстанға инвестиция тарту туралы айтқанда, біз ең алдымен тек қаржылық салымдарды ғана емес, сонымен қатар технологиялар трансферін, ноу-хауды және түрлі салалардағы басқару тәжірибесін күтеміз», – деді Мұхтар Тілеуберді.
Оның сөзінше, қазір елдегі инвестициялық жүйе қайта қаралып жатыр. Инвестициялық саясатты әзірлеу ұлттық экономика министрлігінің құзыретінде болса, сыртқы істер министрлігі шетелдік инвесторларды тарту және олардың қатысуымен жобаларды іске асыруға жауап береді. Kazakh Invest компаниясын «Бәйтерек» холдингіне қосу мәселесі де осы реформаның бір бөлігі.
Министрдің түсіндіруінше, компания осы уақытқа дейін инвесторларды тарту және жобаларды сүйемелдеумен айналысқанымен, шетелдік серіктестермен бірлесіп қаржы салу мүмкіндігі болмаған.
«Kazakh Invest инвесторларды тарту және жобаларды сүйемелдеу міндеттерін атқарды. Алайда оның шетелдік инвесторлармен бірлесіп жобаларға қаржы салу мүмкіндігі болмады. Сондықтан біз «Бәйтерек» холдингін Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру мен бірлескен инвестицияларға жауап беретін тетік әрі институт ретінде қарастырып отырмыз», – деді министр.
Ал сыртқы істер министрлігі шетелдік серіктестермен келіссөз жүргізу, әлеуетті инвесторларды іздеу, оларды елге тарту және инвестициялық келісімшарттарға қол қою жұмыстарын жалғастырады.
Осы жиында сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ташкентте уланған қазақ балалары жайлы айтты.