«Айтматов»: қазақ пен қырғызға ортақ қасіретті баяндайтын фильм

Жарияланды 10 Қараша 2026 11:25

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: фильмнен кадрлар, коллаж: kursiv.media

Қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың өміріне арналған «Айтматов» көркем фильмі Ресей киносыншыларының сынына ұшырады. Бірі туындыдағы тарихи дәлсіздіктерді атап өтсе, енді бірі мистикалық көріністердің көптігін сынға алды. Алайда ресейлік сыншылар күмәнмен қараған кейбір көркемдік шешімдердің астарында қырғыз бен қазақ халқына ортақ дүниетаным, ата-баба рухына құрмет және тарихи жады мәселесі жатыр. Kursiv.Media фильмге қатысты жарияланған рецензияларға шолу жасады.

Ресейлік киносыншылар неге наразы?

«Коммерсантъ» басылымының киносыншысы Михаил Трофименков «Айтматов» фильміне «И дольше века длится фарс» деген тақырыппен рецензия жариялаған.

Автор туындыда тарихи драма, тыңшылық триллер мен мистикалық элементтер араласып кеткенін сынайды. Оның пікірінше, режиссер Қаныбек Қалматов жазушының өмірбаянын экранға шығаруда тарихи шындықтан гөрі көркем қиялға көбірек ерік берген.

Ал «Кинопоиск» киносыншысы Василий Степанов фильмге 10 балдан 4 деген баға қойған. Ол туындыдағы бірқатар тарихи деректердің бұрмаланғанын атап өтеді.

Мәселен, фильмде Шыңғыс Айтматовтың Коммунистік партияға кірмегені айтылғанымен, шын мәнінде, жазушы 1959 жылдан бастап КОКП мүшесі болған. Сондай-ақ сыншы Борис Пастернакпен байланысты эпизодтарға және жазушының шығармаларын жариялау жолындағы кедергілердің бейнеленуіне күмән келтіреді.

Орыс киносыншылары мистика деп қабылдаған көріністер

«Айтматов» фильмінің ерекшеліктерінің бірі – жазушының балалық шағы мен ересек кезеңін қатар көрсетеді. Режиссер флешбэк пен параллель баяндау тәсілдері арқылы кейіпкердің өткен өміріне қайта-қайта оралады.

Әсіресе жазушының әкесі Төреқұл Айтматовпен байланысты көріністер назар аудартады. Түс көру, аян алу, өмірден өткен жақын адамның бейнесін елестету секілді эпизодтар фильмнің философиялық мазмұнын тереңдете түседі. Ресейлік киносыншылардың кейбірі мұндай көріністерді мистикалық элементтер ретінде бағалайды. Алайда бұл жерде маңызды мәдени ерекшелікті ескеру қажет.

Қазақ пен қырғыз дүниетанымында түс көру, аян беру, ата-баба рухының қолдауы мен өмірден өткен адамның түсіне енуі ежелден бар ұғымдар. Халықтың ауыз әдебиетінде, аңыз-әңгімелерінде және күнделікті тұрмысында мұндай түсініктер жиі кездеседі.

Мысалы, қазақ халқында «аруақ қолдасын», «түсіме кірді», «аян берді» деген тіркестердің өзі белгілі бір рухани дүниетанымды білдіреді. Бұл ұғымдар міндетті түрде табиғаттан тыс құбылыстың шын мәнінде болғанын дәлелдеуді көздемейді. Көбіне адамның сағынышын, ар алдындағы жауапкершілігін, өткен өмірімен байланысын бейнелейді.

Сондықтан фильмде Шыңғыс Айтматовтың әкесін көруі немесе онымен рухани байланыс орнатуы мистикалық көрініс емес, әке мен бала арасындағы үзілмеген байланыстың көркемдік символы ретінде қабылдануы мүмкін.

Орыс әдебиетінде де түс, аян және рухани символизм кеңінен кездеседі. Дегенмен түркі халықтарының мәдени контексін ескермеген көрермен фильмдегі кейбір эпизодтарды басқаша түсінуі ықтимал.

Осы тұрғыдан алғанда, ресейлік киносыншылардың мистикалық көріністерге қатысты ескертпелері мен қырғыз немесе қазақ көрерменінің оларды қабылдауы бірдей болмауы заңды.

Айтматовтың әкесі және қазақ халқына ортақ қасірет

Фильмдегі ең ауыр тақырыптардың бірі – Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұл Айтматовтың тағдыры.

Қырғызстанның көрнекті мемлекет қайраткері болған Төреқұл Айтматов 1937 жылы сталиндік қуғын-сүргін кезінде тұтқындалып, 1938 жылы атылған. Оның сүйегі кейін Бішкек маңындағы Шоң-Таштан табылған саяси қуғын-сүргін құрбандарының қатарында болған.

Бұл – бір ғана отбасының трагедиясы емес. Кеңес Одағы тұсында жүргізілген саяси қуғын-сүргін қазақ халқының да талай зиялысын жалмады. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин секілді қазақтың көрнекті тұлғалары да кеңестік репрессияның құрбаны болды. Олардың әрқайсысының артында отбасы, балалары, аяқталмаған еңбектері мен орындалмаған армандары қалды.

Шыңғыс Айтматов әкесінен айырылғанда небәрі тоғыз жаста еді. Балалық шағында бастан өткерген бұл қасірет жазушының кейінгі шығармашылығындағы тарихи жады, адам тағдыры мен әділетсіздік тақырыптарымен үндеседі.

Қазақ көрермені үшін фильмдегі әке тағдыры бөтен оқиға емес. Өйткені мұндай трагедия қазақ даласында да мыңдаған отбасының басынан өтті.

«Ай мен Айшаны» еске түсіретін тағдыр

«Айтматов» фильмін көріп отырып, қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы еріксіз еске түседі. Екі қаламгердің тағдырында таңғаларлық ұқсастық бар. Екеуі де сталиндік қуғын-сүргін кезінде әкесінен айырылып, «халық жауының баласы» деген ауыр таңбамен өсті. Кейін екеуі де өз халқының әдебиетінде өшпес із қалдырған жазушыға айналды.

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында анасы Айшаның басынан кешкен қиындықтарын, әкесіз өскен баланың тағдырын, сталиндік зұлматтың қарапайым отбасыға салған жарасын суреттейді. Ал «Айтматов» фильмінде де әке бейнесі, балалық шақтағы естеліктер мен өткенге деген сағыныш маңызды орын алады.

Екі туындының көркемдік табиғаты әртүрлі болғанымен, оларды байланыстыратын ортақ өзек бар. Ол – әке қасіреті, ананың төзімі, балалық шақта қалған жара және тарихи жады. Бірі қырғыз, бірі қазақ әдебиетінің алыбы атанған Шыңғыс Айтматов пен Шерхан Мұртазаның тағдыры екі халықтың тарихы қаншалықты жақын екенін тағы бір мәрте көрсетеді.

Сондықтан «Айтматов» фильміндегі кейбір көріністер қазақ көрерменіне де ерекше әсер етуі мүмкін. Әкесін аңсаған баланың бейнесінен «Ай мен Айшадағы» Барсханның тағдырын тануға болады. Бұл – екі жазушының ғана емес, қуғын-сүргін жылдарында әкесінен айырылған мыңдаған баланың ортақ қасіреті.

Сондықтан «Айтматов» фильмін тек қырғыз жазушысының өмірбаяны ретінде қабылдау жеткіліксіз. Туындыда қазақ пен қырғызға, жалпы кеңестік қуғын-сүргінді бастан өткерген халықтарға ортақ тарихи жара бар.

Мәңгүрт

Шыңғыс Айтматов шығармашылығындағы ең маңызды ұғымдардың бірі – мәңгүрттік. Жазушының «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы мәңгүрт туралы аңыз өзінің тегін, ата-анасын, өткен өмірін ұмытқан адамның трагедиясын суреттейді.

«Айтматов» фильмінде де тарихи жады тақырыбы басты орындардың бірін алады. Әкесінің тағдыры арқылы жазушының өткенмен байланысы, ұмытылмауға тиіс тарихи оқиғалар және адамның өз тамырына адалдығы көрсетіледі.

Осы тұрғыдан алғанда, фильмдегі балалық шаққа қайта оралу, әке бейнесінің қайта көрінуі мен түс арқылы берілетін эпизодтар бір-бірімен байланысты көркемдік тәсілдер ретінде қарастыруға болады. Режиссер көрерменге тарихи оқиғаларды тізбектеп баяндаудан гөрі, сол оқиғалардың адам санасында қалдырған ізін көрсетуді мақсат еткендей әсер қалдырады.

Фильмге тарихи дәлдік тұрғысынан қарау жеткілікті ме?

Әрине, киносыншылардың тарихи қателіктерге қатысты ескертпелерін елемеуге болмайды. Шыңғыс Айтматов сияқты әлемдік деңгейдегі тұлғаның өмірі экранға шыққанда көрермен нақты деректер мен көркем қиялдың арасындағы айырмашылықты білуге құқылы.

Бірақ фильмді бағалауда оның мәдени ерекшелігін де ескеру маңызды. Қазақ пен қырғыз көрермені үшін әкенің түсіне енуі, аруақпен рухани байланыс, ата-баба алдындағы парыз және өткеннің бүгінгі өмірге әсері түсінікті ұғымдар болуы мүмкін.

«Айтматов» фильміне қатысты пікірталастың қызығы да осында. Бір көрермен тарихи қателіктерді байқаса, екіншісі әкесінен айырылған баланың қасіретін көреді. Үшіншісі бұл оқиғадан тұтас халықтың тағдырын тануы мүмкін.

Қазақ көрерменінің жүрегіне жол табуға мүмкіндік беретін де осы соңғы қыр. Өйткені Шыңғыс Айтматовтың әкесіне қатысты қасірет қазақ халқының да тарихи жадында сақталған ауыр кезеңмен үндеседі.

Айта кетейік, «Айтматов» фильмі Қазақстан прокатына 12 қарашада шығуы керек еді. Алайда белгісіз себептерге байланысты премьерасы кейіге шегеріліп, 3 желтоқсанға ауысты.

Сондай-ақ оқыңыз