
Қазақстанда тамақ өнімдерін өндіру саласына салынған инвестиция көлемі екі еседен астам артты. 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында негізгі капиталға құйылған қаражат 373 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп. Нақты өсім 92%-ды құрады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Инвестицияның басым бөлігі қайда бағытталды
Өңірлер арасында Жамбыл облысы көш бастады. Тоғыз айда мұнда тамақ өндірісіне 142,9 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл елдегі жалпы қаражаттың 38,3%-ы.
Өңірдегі ірі жобалардың бірі – Қытайдың Fufeng Group компаниясы салатын жүгеріні терең өңдеу кешені. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд доллар. Кәсіпорын жылына 3 млн тоннаға дейін жүгері өңдеп, 1,5 мың жұмыс орнын құруды көздейді.
Екінші орында Алматы облысы (46,7 млрд теңге), үшінші орында Түркістан облысы (40,7 млрд теңге) тұр. Астанаға 39,2 млрд, Солтүстік Қазақстан облысына 31,8 млрд теңге инвестиция бағытталған. Осы бес өңірге барлық инвестицияның 80,8%-ы тиесілі.
Қандай зауыттар салынады
Алматы облысында Иранның Solico Group холдингі 35,2 млрд теңгеге ірімшік зауытын салып жатыр. Кәсіпорын жылына 155 мың тонна өнім өндіреді. Іске қосу 2029 жылға жоспарланған.
Астанада тәулігіне 50 тоннаға дейін өнім шығаратын ет комбинатының құрылысы көзделген. Жоба аясында 300-ге дейін жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар Үкіметтің «Инвестицияға тапсырыс» тұжырымдамасы аясында 2025–2027 жылдары агроөнеркәсіп кешенінде 202 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде қант, ірімшік, құс еті, шұжық және балық өндірісіне басымдық берілген.
Инвестицияның негізгі көзі – кәсіпорындардың өз қаражаты
Тоғыз айда кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 309,1 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп. Жалпы инвестициядағы үлесі 82,9%-ға жетті.
Ал банк несиелері 26,6%-ға қысқарып, 24,1 млрд теңгені құрады. Банктік емес қарыз қаражаты керісінше 71,9%-ға өсіп, 39,8 млрд теңгеге жеткен.
Қай өнімдер бойынша импортқа тәуелдіміз
Инвестицияның өсуіне қарамастан, кейбір азық-түлік түрлерінде импортқа тәуелділік сақталып отыр. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында отандық өндіріс өңделген көкөністерге сұраныстың 16%-ын, жемістер мен жаңғақтарға сұраныстың 14%-ын ғана қамтамасыз еткен.
Ал ұнға деген сұраныстың 99,4%-ы, жарма өнімдерінің 93,5%-ы отандық өндіріс есебінен өтелген.
Осылайша, азық-түлік өндірісіне инвестиция көлемі артқанымен, әсіресе көкөніс пен жемісті өңдеу саласында жаңа өндіріс орындарын ашу қажеттілігі сақталып отыр.
Оқи отырыңыз: Үй жанындағы дүкендер тексеруден босатылмайды – үкімет ұсынысты қолдамады