
Қазақстанда капитал нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Құжатта қор нарығын кеңейту, бизнеске инвестиция тартуды жеңілдету және экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін көбейту көзделген, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бағдарлама қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысымен қабылданды. Оны әзірлеуге мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы негіз болған.
Соңғы бес жылда Қазақстанның акциялар нарығын капиталдандыру екі еседен астам өсіп, 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге жеткен. Ал борыштық бағалы қағаздар нарығының көлемі 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – капитал нарығын бизнес пен инвесторлар үшін қолжетімді етіп, банктік несиелеуге балама қаржыландыру көзіне айналдыру.
Бағдарламада қандай өзгерістер қарастырылған
Құжат жеті стратегиялық бағыт пен 35 бастаманы қамтиды. Негізгі шаралар мыналар:
- Инвесторлар санын арттыру: зейнетақы активтерін тиімді басқару, ұжымдық инвестицияларды және жаңа инвестициялық қорларды дамыту.
- Облигациялар нарығын кеңейту: корпоративтік облигациялар шығаруды ынталандыру, секьюритилендіру мен туынды қаржы құралдарын дамыту.
- IPO-ға шығуды жеңілдету: компаниялардың биржаға шығу рәсімдерін оңайлату, цифрландыру және шағын және орта бизнестің акциялар нарығына қолжетімділігін арттыру.
- Акциялар саудасын жандандыру: қайталама нарықтың өтімділігін арттыру және халықаралық инвесторлар үшін қолжетімділікті кеңейту.
- Жаңа қаржы құралдарын енгізу: цифрлық активтерді, ESG-қаржыландыруды және исламдық қаржы құралдарын дамыту.
- Қарызды қайта құрылымдау жүйесін жетілдіру: кредиторлардың құқықтарын қорғау және дәрменсіздік рәсімдерін жаңғырту.
- Реттеуді оңтайландыру: лицензиялау мен қадағалауды жетілдіріп, нарық қатысушыларына түсетін әкімшілік жүктемені азайту.
Бағдарламаны іске асыру арқылы ішкі жинақтарды ұзақ мерзімді инвестицияларға бағыттау, бизнестің қаржы тарту мүмкіндігін кеңейту және қор нарығының экономикадағы рөлін арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жоспарланған өзгерістердің бір бөлігі «Капитал нарығы туралы» жаңа заң жобасында бекітіледі. Құжатты 2026 жылдың соңына дейін Құрылтайдың қарауына енгізу көзделген.