Ыстанбұлдың үнсіз тұрғындары: мысықтар қаласының тарихы

Жарияланды 10 Қараша 2026 16:32

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Ыстанбұл мысықтары / фото: Рауан Мутаир

Ыстанбұл десе, көз алдымызға Босфор бұғазы, әйгілі Айя-София мешіті, Галата мұнарасы мен тарихи көшелер елестейді. Алайда Түркияның ең ірі қаласының тағы бір ерекшелігі бар. Ол – мысықтар. Мұнда оларды көшеден, дүкеннен, дәмханадан, тіпті метро станцияларынан кездестіруге болады. Ғасырлар бойы адамдармен қатар өмір сүріп келе жатқан мысықтар бүгінде Ыстанбұлдың бейресми символдарының біріне айналған. Kursiv Media тілшісі қала көшелерін аралап, жергілікті мысықтардың тіршілігімен танысты.

Қаланың төрт аяқты тұрғындары

Ыстанбұл көшелерін аралап жүріп, міндетті түрде мысықтарды кездестіресіз. Бірі аялдамада ұйықтап жатса, енді бірі дүкеннің кіреберісінде келушілерді қарсы алады. Кейбірі дәмханадағы орындыққа жайғасып, адамдардың арасында еш алаңсыз жүреді. Тіпті метро турникетінің үстіне шығып алып, жолаушылардың жүріс-тұрысын бақылап отыратындары да бар.

Бір қызығы, тұрғындар да мысықтарға әбден үйренген, ешкім қуып тиіспейді. Керісінше, көшелерде мысықтарға арналған су мен тамақ ыдыстарын жиі кездестіруге болады.

Киім дүкеніндегі мысық / фото: Рауан Мутаир

Мысықтар Ыстанбұлға қалай келген?

Ыстанбұл мен мысықтар байланысының бірнеше ғасырлық тарихы бар. Ежелгі Константинополь Шығыс пен Батысты жалғаған маңызды сауда орталығы болған. Қалаға әртүрлі елдерден тауар тиелген кемелер келіп тоқтайтын.

Сауда кемелерінде азық-түлік пен астық қорын кеміргіштерден қорғау үшін мысықтарды асыраған. Олардың бір бөлігі портты қалаларға тараған болуы мүмкін. Алайда Ыстанбұлдағы барлық мысықтың тарихын тек сауда кемелерімен байланыстыру дұрыс емес. Мысықтар өңірде бұдан да ертеректе көп болған деседі.

Кейін Осман империясы тұсында мысықтар қаланың күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Олар базарларда, қоймаларда, үйлерде және мешіттердің айналасында мекендеді.

Мысықтардың кең таралуына ислам діні де ықпал етті. Исламда мысық таза жануар саналады. Сондықтан олардың мешіттерде еркін жүруі мұсылман қоғамында таңғаларлық құбылыс емес.

фото: Рауан Мутаир

Осман дәуірінде жануарларды тамақтандыру қайырымдылықтың бір түрі болған. Тарихи деректерде көшедегі жануарларға азық беруге қаражат қалдырған адамдар мен осы мақсатқа арналған қайырымдылық қорлары туралы мәліметтер кездеседі. Сөйтіп, мысықтарды асырау мен қорғау біртіндеп қалалық мәдениеттің бір бөлігіне айнала бастады.

Фото: Рауан Мутаир

Кешкі асын күткен ерке мысықтар

Ыстанбұлдағы Begonville кафесінің маңында да мысықтардың өз тіршілігі бар. Кешкі уақытта олар кафе есігінің алдына жиналып, тамақ берілетін сәтті күтеді.

Begonville кафесінің алдында кешкі асын күтіп отырған мысықтар / фото: Рауан Мутаир

Бір қарағанда, бұл көшеде азық іздеп жүрген қарапайым мысықтар сияқты көрінуі мүмкін. Алайда кафе әкімшісінің әңгімесінен кейін олардың тіршілігіне басқаша қарай бастайсың.

Әкімшінің айтуынша, мұндағы мысықтар тамаққа келгенде өте талғампаз. Бірі ірімшікті жақсы көрсе, енді бірі оны мүлдем жемейді. Бірі тауық етін ұнатса, енді бірі басқа етті таңдайды. Әйтеуір, алдына қойылған кез келген тамақ қалдығын жей бермейді. Кафе қызметкерлері олардың әрқайсының талғамын біледі.

Бұл мысықтардың қысқы жағдайы да назардан тыс қалмаған. Әкімшінің сөзінше, күн суытқанда олар жақын маңдағы мектепте арнайы дайындалған жылы орындарды паналайды. Осылайша, Begonville маңындағы мысықтар үшін кафе – тамақтанатын, ал мектеп қыстайтын орынға айналған.

Күршен – түнгі күзетшінің серігі

Begonville кафесінің маңында мекендейтін мысықтардың бірі – Күршен (Kürşen). Оны кішкентай кезінде көшеден тауып алған. Содан бері Күршен осы маңды мекен етеді. Кафе қызметкерлері оған үйреніп қалған, мысық та өзін бұл жердің бөтен қонағы сезінбейтін сияқты.

Күршеннің әсіресе түнгі күзетшімен байланысы ерекше. Кафеде айтылған әңгімеге қарағанда, түнгі сағат 12-де күзетші жұмыс ауысымына келгенде Күршенді қойнына алып, жанында жатқызады екен.

Begonville кафесінде ұйықтап жатқан Күршен / фото: Рауан Мутаир

Күндіз кафе маңында еркін жүретін мысық түнде күзетшінің жанынан жылу табады.

Бұл – Ыстанбұлдағы көше мысықтары мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір көрінісі. Олардың кейбірінің иесі болмауы мүмкін, бірақ күн сайын қамқорлық жасайтын адамдары бар.

Нигяр: сериал кейіпкерінің есімін алған мысық

Ыстанбұлда кездескен тағы бір ерекше мысықтың есімі – Нигяр. Оған түріктің әйгілі «Сұлтан Сүлеймен» сериалындағы Нигяр Калфа кейіпкерінің есімі берілген.

Сериалда кейіпкерді актриса Филиз Ахмет сомдаған. Мысықтың есімін қойғандар оның көзқарасы сериалдағы Нигярдың көзіне ұқсайтынын байқаған екен.

коллаж: kursiv.media

Осылайша, көшеде жүрген қарапайым мысық танымал телехикая кейіпкерінің есімін иеленген. Мұндай шағын оқиғалар Ыстанбұлдағы мысықтардың тек қаланың көрінісі ғана емес, тұрғындардың күнделікті әңгімесі мен мәдениетінің де бір бөлшегіне айналғанын аңғартады.

Метроға билетсіз кіретін жолаушылар

Ыстанбұлда мысықтарды тек тарихи көшелерден немесе дәмханалардан ғана емес, қоғамдық көлік нысандарынан да кездестіруге болады. Қаладағы метро станцияларының бірінде турникеттің үстіне жайғасқан сарғыш мысық назарымызды аударды. Жолаушылар жанынан өтіп жатқанымен, ол ешқайда асығар емес. Адамдардың қозғалысына да аса мән бермей, өзіне ыңғайлы орын тауып алған.

Ыстанбұл метросындағы турникет үстінде отырған мысық / Фото: Рауан Мутаир

Бұл көрініс Ыстанбұлдың күнделікті тіршілігін сипаттайтындай. Адамдар жұмысқа асығады, туристер қаланы аралайды, пойыздар қатынайды. Ал мысықтар осы қарбаластың ортасында өз тіршілігін жалғастыра береді.

Ыстанбұлдың тағы бір символы

Ыстанбұл мысықтарының әлемге танылуына кино мен әлеуметтік желілер де ықпал етті.

2016 жылы режиссер Джейда Торунның «Kedi» атты деректі фильмі жарық көрді. Туынды Ыстанбұл көшелерінде өмір сүретін жеті мысықтың тіршілігі арқылы қала тұрғындарының жануарларға деген қарым-қатынасын көрсетеді.

Қаланың ең танымал мысықтарының бірі – Томбили. Кадыкөй ауданында өмір сүрген бұл мысық ерекше отырысымен интернетке танылған. 2016 жылы Томбили өлгеннен кейін тұрғындар оның құрметіне ескерткіш орнатқан.

фото: moystambul

Бүгінде қалада мысықтарға арналған үйлерді, су мен тамақ ыдыстарын жиі кездестіруге болады. Оларға тұрғындармен қатар дүкен иелері, кафе қызметкерлері мен басқа да қала тұрғындары қамқорлық жасайды.

Әрине, үлкен қаладағы барлық көше мысығы бірдей жайлы өмір сүріп жатыр деуге болмайды. Олардың арасында ауру, жарақат алған немесе тұрақты күтімге мұқтаж жануарлар да болуы мүмкін. Дегенмен мысықтарға деген қоғамдық қамқорлық Ыстанбұлдың ерекше белгілерінің бірі болып қала береді.

Бір қаланың ортақ тұрғындары

Ыстанбұл көшелерін аралағанда бір нәрсені байқауға болады: мұнда мысықтар адамдардың өміріне бейімделіп қана қоймаған, адамдар да олардың тіршілігіне орын берген.

Begonville кафесінің алдында кешкі асын күткен талғампаз мысықтар, түнгі күзетшінің қойнында ұйықтайтын Күршен, сериал кейіпкерінің есімін алған Нигяр, метро турникетінде жайғасқан сарғыш мысық – әрқайсының өз оқиғасы бар.

фото: Рауан Мутаир

Ыстанбұлдың мыңдаған жылдық тарихы бар. Бұл қала талай империяның астанасы болды, түрлі мәдениеттер тоғысқан мекенге айналды. Ал сол тарихтың күнделікті өмірде байқалатын шағын бөлшектерінің бірі – көшелерінде еркін жүрген мысықтар. Ыстанбұлда мысықтардың бәрінің жеке үйі болмауы мүмкін. Бірақ олардың көпшілігіне қамқор болатын адам табылады.

Сондай-ақ оқыңыз