
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ұлттық дәстүр бен діни қағидаға қайшы келетін той мен жаназадағы шектен шығушылық шырқау шегіне жеткенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.
Той мен несие: «Көршімнен қалмауым керек»
«Бұрын ұлан-асыр тойды тек ауқатты адамдар ғана жасаса, бүгінде бұл үрдіс барлық отбасыға ортақ стандартқа айналды. Қуанышты елмен бөлісу – жақсы әдет. Дегенмен, бір күндік той үшін банктен несие алып, жылдар бойы қарыз төлеу ақылға сыймайды. Мұның соңы жас отбасылардың арасындағы түсініспеушілікке, тіпті ажырасуға әкеп соқтырып жатқаны жасырын емес», – делінген Діни басқарма сайтында пайда болған ақпаратта.
Бұған қоса, басқарма дастарқан мәзіріндегі ысырап тіпті шошытарлық деңгейде екенін, үстелді түрлі салат, бірнеше ыстық тамақ, жеміс-жидек пен тәттілерге толтырып, астаудағы етті қонақтар өз өлшеміне қарай салғанымен, көбі тауыса алмай қоқысқа тасталатынын жазды. Бұл ысырап болған азық-түліктің төрттен бірі үнемделсе, әлемдегі миллиондаған аштықтан зардап шеккен адамдардың қажеттілігін өтеуге болатынын атап өтті.
«Сонымен қатар, жастардың қала көшелерін кезіп «гулянка» жасауы, шариғатқа да, ұлттық тәрбиеге де жат «love story» фильмдерін түсіру үшін қыруар қаржы шашу үрдісі көбейді. Ата-ананың көзінше жастардың ерсі қылықтары көрсетілетін мұндай шараларға қыруар ақша жұмсалады», – делінген жазбада.
Жаназадағы жаңсақтық: Ас беру ме, әлде жарыс па?
Бұған қоса, басқарма ысырапшылдық тек тоймен шектелмей, жаназа мен құдайы астарға да дендеп енгенін жазуда. Қайтыс болған үйдің дастарқаны той мәзірінен кем түспей, жақынын жерлеу үшін несие алатындардың барын баса айтты.
«Ауылды жерлерде ас қамын жасап, барлық отбасы мүшелері сабылып кетіп, мәйіттің үйде жалғыз қалатын жағдайлары кездесетіні өкінішті. Дінімізде қайтыс болған адамның үйіне артық салмақ салуға болмайтыны қатаң ескертілсе де, біз керісінше ысырапқа жол беріп жүрміз. Мәйіттің қабірін ақ мәрмәрмен көмкеріп, «сарай» тұрғызу жарысы да көбейді», – деп жазды басқарма.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құдайы ас беру мәдениетін біріздендіруге арналған арнайы құжат қабылдаған еді.