Қайрат Нұртас Елдос «Колобоктың» ұлының тұсауын кесті

Жарияланды 13 Қараша 2026 12:09

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: видеодан скрин, коллаж: kursiv.media

Танымал блогер Елдос «Колобок» ұлы Әлемнің бір жасқа толған тойын дүркіретіп атап өтті. Сәбидің тұсауын әнші Қайрат Нұртас кесті, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Елдос «Колобок» пен жұбайы Таңшолпан тұңғыш ұлы Әлемнің туған күніне орай той ұйымдастырып, тұсаукесер рәсімін өткізді. Қуанышты сәттерді блогер әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Елдос ұлының өмірге келуі өздерін түбегейлі өзгерткенін айтып, әсерлі жазба жазды.

«Әлем Елдосұлы бір жаста! Туған күніңмен, құлыным, өмірім, қызығым, бұзығым! Сен өмірімізді өзгерттің, сен бізді өзгерттің. Сен бізге әке-ана деген атақ бердің, ол мәртебенің салмағы мен жауапкершілігі қандай екенін сездірдің. Біз сені шексіз жақсы көреміз», – деп жазды блогер.

Сондай-ақ ол ұлының елу жасқа толған мерейтойын жұбайымен бірге қарсы алуды армандайтынын жеткізді.

«Алғашқы туған күнің құтты болсын! Сенің елу жас тойыңда «Жаным балам» деп Танчо екеуіміз ән айтып тұрайық. Осы күнге жеткізген Аллаға сансыз шүкір», – деді ол.

Тойдың ерекше сәттерінің бірі Әлемнің тұсаукесер рәсімі болды. Сәбидің тұсауын танымал әнші Қайрат Нұртас кесті.

Елдос «Колобок» бұл таңдаудың себебін де түсіндірді.

«Қайрат Нұртас ағасындай басынан бағы таймайтын «легенда» болсын деп ниет еттік. Қадамы құтты болсын», – деп жазды блогер.

Ол оқырмандарынан ұлына ақ тілектерін арнап, тіл-көзден аман болуын тілеуді сұрады.

Оқи отырыңыз: Тоғыз жылдан кейін әке атанған Елдос «Колобок» ренішін айтты

Сондай-ақ оқыңыз