Шымбұлақ аспалы жолы әлемдегі үздік ондыққа енді

Жарияланды 13 Қараша 2026 08:21

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Шымбұлақтағыпалы жолдар / Фото: Shutterstock

Алматыдағы Шымбұлақ аспалы жолы әлемдегі ең үздік он аспалы жолдың қатарына кірді. Сонымен қатар Іле Алатауындағы Кімасар және Бұтақты шатқалдары әлемнің үздік 100 жаяу туристік бағытының тізіміне енді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, Алматының үш туристік нысаны Worldworthy 100 халықаралық редакциялық рейтингінің 2026 жылғы шығарылымында жоғары орындарға ие болған.

Атап айтқанда, Шымбұлақ аспалы жолы әлемдегі ең үздік 100 аспалы жолдың арасында 9-орынға тұрақтады. Сондай-ақ бұл нысан Қазақстан бойынша бірінші орын алған.

Ал Іле Алатауының танымал туристік бағыттарының бірі – Кімасар шатқалы әлемдегі ең үздік жаяу туристік бағыттар арасында 56-орынға ие болды. Ұйымдастырушылар берген сертификатқа сәйкес, Кімасар Қазақстандағы осы санаттың үздігі деп танылған.

Бұтақты шатқалы да халықаралық тізімнен орын алды. Ол әлемдік рейтингте 79-орынға, ал Қазақстан бойынша екінші орынға тұрақтады.

Үш туристік нысан да Worldworthy 100 рейтингінің 2026 жылғы лауреаты атанып, арнайы сертификаттармен марапатталған.

Ұлттық парк өкілдерінің хабарлауынша, Worldworthy 100 – келушілердің пікірлері мен бағалауларына, журналистік зерттеулерге және ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйеніп жасалатын халықаралық редакциялық рейтинг.

«Бұл жетістік Іле Алатауының табиғи көрікті жерлеріне халықаралық қызығушылықты арттырып, Қазақстанның экотуристік әлеуетін әлемге танытуға мүмкіндік береді», – делінген ұлттық парктің хабарламасында.

Ұлттық парк өкілдері табиғи нысандардың халықаралық деңгейде танылуы оларды сақтау мен қорғаудың маңызын да көрсететінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Шарын шатқалы да Worldworthy 100 рейтингінде әлемдегі үздік шатқалдардың арасында 17-орынға ие болды.

Сондай-ақ оқыңыз