
Азамат Сатыбалды Назгүл Қарабалинамен некеде тұрып, басқа әйелдерге ғашық болғанын жасырмады.
Актер бұл туралы «Әңгіме бар» подкастында журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты. Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдай кез келген ер адамның басында болады.
«Мен періште болдым деп айта алмаймын. Ер жігіт болғаннан кейін, елдің ортасында жүргеннен кейін, шығармашылық шырқауда жүргенде, ондай сәттер болады. Бірақ оның жалғасы харам тірлікке кетіп қалмауы керек. Ғашық болған сәттеріңді дұрыс арнаға салуың қажет», – деді Азамат Сатыбалды.
Оның сөзіне қарағанда, ғашық болып жүрген кездері ойнаған рөлдері керемет сәтті шыққан. Назгүл Қарабалина да шығармашылық адамы болғандықтан, күйеуінің өзге әйелдерге көңілі кеткеніне түсіністікпен қараған.
«Өзі ойнап жатқан кейіпкердің кейпіне түсе алмаса, ол өтірік болады. Эмоция алуы керек. Бұл – салпақтап бір жаққа кетіп қалады деген сөз емес. Бұл – шығармашылық адамдардың арасында айтылатын мәселе. Көп адамдардың санасына бара бермейтін дүние», – деді Назгүл Қарабалина.
Десе де, актер шаңырағын сақтап қалған. Тіпті әйелімен ажырасу туралы ойланып та көрмеген.
«Адамдар кейде біздің отбасымызды ажырастырды. Мені анаған да, мынаған да қосты. Оның барлығына жоқ деп айта бермейсің ғой. Бірақ осы уақытқа дейін «Назгүлмен ажырасамын» деген ой бір секундта басыма келген емес», – деді ол.
Сондай-ақ Назгүл Қарабалина Азамат Сатыбалдының еркелігін қалай көтеріп жүргенін баяндап берді.