
«Заманback 2» комедиясы Қазақстан киносының кассалық рекордын жаңартты. Фильм прокатта 1 млрд 865 млн теңге жинап, отандық ең табысты фильмдер рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
2026 жылы жарық көрген «Заманback 2» бұған дейін көш бастап тұрған «Таптым-ау сені» фильмін басып озды. 2023 жылы шыққан комедияның кассалық табысы 1 млрд 834 млн теңгені құраған. Осылайша жаңа рекорд бұрынғы көрсеткіштен 30 млн теңгеге артық болды.
Бұған дейін, рейтингте екінші және үшінші орын алған «Таптым-ау сені» мен «Ыстық ұя» фильмдері танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықованың туындылары. Екі туындының жалпы кассалық түсімі 3,5 млрд теңгеден асады.
Ал «Заманback 2» өзінің алғашқы бөлімінің нәтижесінен де асып түсті. «Заманback» комедиясы 1 млрд 479 млн теңге жинаған болатын. Екінші бөлімнің табысы одан шамамен 385 млн теңгеге артық.
«Бажа кинода» да рекордты жаңартуы мүмкін
Дегенмен «Заманback 2» көшбасшылық орнын ұзақ сақтамауы мүмкін. Қазір кинотеатрларда көрсетіліп жатқан «Бажа кинода» комедиясы да миллиард теңгелік межеден асып, кассалық табысын арттырып келеді.
Фильм прокатқа шыққан алғашқы сегіз күннің өзінде 1 млрд теңгеден астам қаржы жинаған. Егер «Бажа кинода» қазіргі қарқынын сақтаса, «Заманback 2» фильмінің 1 млрд 865 млн теңгелік рекордын жаңартуы мүмкін.
Қазақстандағы ең кассалық
10 отандық фильм
Кассалық табыс (теңге)
Айта кетейік, бұл рейтингке кассалық табысы 1 млрд теңгеден асқан отандық фильмдер енген. Ал прокатта көрсетіліп жатқан «Бажа кинода» комедиясының қорытынды табысы белгілі болғаннан кейін үздік ондықтағы орындар өзгеруі мүмкін.