
Әлем футболының аңызы, «Алтын доп» иегері Роналдиньо Дубайда қазақстандық бүлдіршіннің тұсауын кесті. Бразилиялық футболшы қазақтың ұлттық дәстүріне қатысып, баланың алғашқы қадамына ақ жол тіледі. Ерекше рәсім туралы баланың әкесі әлеуметтік желіде жазып, бейнежазба жариялаған.
Әкесінің айтуынша, ұлының тұсауын кім кесетінін баланың өзі таңдаған. Ол бүлдіршінге әлемге әйгілі бірнеше спортшының суретін көрсеткен. Олардың арасында Лионель Месси, Майк Тайсон және Геннадий Головкин де болған. Алайда бала Роналдиньоның суретін көрсеткен.
Осылайша әкесі ұлының таңдауын орындап, әйгілі бразилиялық футболшыға қазақтың тұсаукесер дәстүрін жасатқан.
«Аңыздардың аңызы, үздіктердің үздігі! Құдай қаласа, ұлым да сіз секілді ұлы әрі әлемге танымал азамат болсын деп тілеймін. Сізді бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан да жақсы көреді әрі құрметтейді», – деп жазды баланың әкесі.
Ол Роналдиньоның футбол тарихындағы ерекше орнын атап өтіп, ұлының да болашақта танымал ғана емес, жақсы адам болып өсуін тілейтінін жеткізген.
Айта кетейік, Роналдиньо – 2002 жылғы әлем чемпионы, 2005 жылғы «Алтын доп» иегері. Ол «Барселона» сапында Чемпиондар лигасын жеңіп алып, әлем футболының ең жарқын жұлдыздарының біріне айналды.
15 қараша күні Роналдиньо 11 жылдық үзілістен кейін алаңға қайта шықты.