Трамптың ұлдарына қатысы бар вольфрам жобасына қанша қаржы қажет

Жарияланды 16 Қараша 2026 12:25

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: ЖИ-мен жасалған

АҚШ президенті Дональд Трамп әулетіне қатысы бар Cove Kaz Capital компаниясының Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын игеру жоспары 1–1,2 млрд доллар инвестиция тартуды көздеген.

Алайда АҚШ-тың мемлекеттік қаржы институттары бұл жобаға несие беруді мақұлдауды жоспарлап отырған жоқ.

Бұл туралы Bloomberg агенттігі Ақпарат еркіндігі туралы заң (FOIA) аясында қол жеткізген 23 беттік ресми құжат пен дереккөзге сүйене отырып хабарлады.

Құжатқа сәйкес, Трамп әулетінің қолдауымен қолға алынған бұл кен өндіру жобасы үш кезеңнен тұратын даму жоспары мен төрт жылдан астам уақытты қамтиды.

Бұрын жарияланбаған бұл құжаттаманы Cove Kaz Capital Group LLC компаниясы өткен жазда АҚШ-тың Экспорттық-импорттық банкіне (EXIM) қаржыландыру сұрап жолдаған.

Бірінші кезең құрылысқа дайындықты қамтып, өндіру жоспарын оңтайландыру, қосымша металлургиялық жұмыстар жүргізу және түпкілікті экономикалық негіздеме әзірлеуге бағытталған.

Бұған екі жыл уақыт пен шамамен 20 млн доллар қаражат қарастырылған. Екінші кезеңде кеніштер салу басталып, бұл стадия бір жарым-екі жылға созылады және оның құны 400–450 млн долларға бағаланады.

Үшінші кезең өндірісті кеңейтуді, 75–100 млн долларға өңдеу өндірісін іске қосуды және 550–650 млн долларға Жоғарғы Қайрақты кен орнын игеруді көздейді.

Инвестициялық ұсыныста бұл жоба АҚШ-тың маңызды минералдар жеткізілімін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық мүдделеріне сай келетіні және техникалық, қаржылық әрі операциялық тұрғыдан жоғары деңгейде дайындалғаны атап көрсетілген.

Сондай-ақ компания өз акцияларын Kaz Resources, Inc. атауымен қор нарығына шығаруды жоспарлап отыр, ал The Wall Street Journal дерегінше, Дональд Трамптың үлкен ұлдары бұл кәсіпорында 1%-дан аз үлеске ие болады.

Finmentor арнасының авторы, экономист Арман Батаевтың атап өтуінше, америкалықтар бастапқыда кен орындарынан қомақты үлес сатып алуды жоспарлап, ал жобадан түсетін болашақ табысты $840 млн деп бағалаған.

Дегенмен АҚШ-тың мемлекеттік несие берушілері – Экспорттық-импорттық банк пен АҚШ Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясы былтыр жобаға қызығушылық танытып хат жолдағанымен, қазір 1,6 млрд доллар көлеміндегі қаржыландыруды мақұлдаудан бас тартып отыр.

Дереккөздердің айтуынша, банк өкілдері жобаның өміршеңдігіне күмәнмен қарайды әрі Қазақстанның АҚШ-тың бәсекелестері – Қытай мен Ресейдің ортасында орналасуына байланысты геосаяси тәуекелдерге алаңдайды.

Сонымен қатар АҚШ Конгресінде бақылау орнатқан Демократиялық партия өкілдері Трамп ұлдарының қатысуына байланысты мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін екенін алға тартып, бұл мәселені назарда ұстап отыр.

Ал Cove Kaz Capital өкілдері жобаны іске асырудың қазіргі сатысында әзірге сыртқы несие қаражаты қажет емес екенін мәлімдеді.

«Самұрық-Қазына қоры «Солтүстік Қатпар» вольфрам кәсіпорнындағы 70 пайыздық үлесін Трамптың ұлдарына 114 млн долларға сатқан. Бұған дейін АҚШ сенаторы Трамп әулетімен байланысы бар Қазақстандағы жобаны тексеруді талап еткен.

Cove Kaz компаниясы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясымен бірлесе «Солтүстік Катпар» ЖШС-нің 70 пайыз үлесіне иелік етеді, ал 30 пайызы мемлекетте қалды.

Сондай-ақ оқыңыз