
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексиканың Монтеррей қаласында өзіне арнап салынған муралды барып көрді. Өнер иесі ерекше сыйлық жасаған жанкүйерлеріне алғыс айтып, оларға домбырамен музыкалық тарту жасады.
Димаш Құдайберген қазір Dimensions атты әлемдік турнесі аясында Мексикада жүр. Әнші Монтеррей қаласындағы жанкүйерлері салған муралға арнайы барып, сол сәттен түсірілген бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Қала көшелерінің біріндегі ғимарат қабырғасына әншінің үлкен портреті бейнеленген. Ерекше туындыны көрген Димаш жергілікті жанкүйерлеріне ризашылығын білдірді.
«Монтеррей, сіздер мені таңғалдырдыңыздар! Осы әсем қаланың көшелерінде өз бейнемді муралдан көру – мен үшін ұмытылмас сыйлық болды», – деп жазды әнші.
Димаш жанкүйерлерінің ықыласын жауапсыз қалдырмады. Ол музыканттармен бірге ұлттық аспаптарда әуен орындап, өзі домбыра тартты. Осылайша Мексикадағы жанкүйерлеріне қазақтың ұлттық музыкасын тарту етті.
Оқи отырыңыз: Жарты жыл өтті: Алматы әкімдігі Димаштың муралын неге қайта салмай отыр