
Миллиардер Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі компания таза табысын бір жылда 80 есе арттырған. «Kazakhmys Holding Limited» компаниясы 2025 жылы 1,5 млрд доллардан астам таза пайда тапқан. Ал 2024 жылғы таза пайдасы небәрі 18,8 млн долларды құраған.
Ресми аудиторлық есепке сәйкес, бұл табысқа қол жеткізуде тоқтатылған операциялардың үлесі басым. Тек аталған санат бойынша компания 1,35 млрд доллардан астам табыс тапқан.
Жалпы алғанда, есепті жылы ұйымның түсімі 631,7 млн долларды құрап (2024 жылы бұл көрсеткіш 483,3 млн доллар еді), өткен жылғы нәтижеден асып түсті.
Ал өнімнің өзіндік құны мен басқа да шығындар ескеріле отырып, жалпы пайда 163,8 млн долларға жетті. 2024 жылы жалпы пайда небәрі 6,6 млн доллар деңгейінде қалыптасқан болатын.
Сонымен қатар компанияның активтері мен жалпы капиталы да айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Атап айтқанда, 2025 жылдың соңында компанияның иелігіндегі барлық активтердің көлемі шамамен 4 млрд долларды құраса, оның жиынтық капиталы едәуір өсіп, 2,9 млрд доллардан асқан.
Ал компанияның міндеттемелері мен берешектері 2024 жылмен салыстырғанда біраз қысқарып, 1 млрд доллардан сәл асатын деңгейге дейін төмендетілді.
Елдегі мыс кен орындарына иелік ететін Kazakhmys Holding Limited компаниясы ірі кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі.
2025 жылдың желтоқсан айының соңында «Kazakhmys Holding Limited» компаниясының еншілес құрылымы – Kazakhmys Copper «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ін Нұрлан Артықбаевқа сатты.
KCC Copper Limited компаниясын миллиардер Владимир Ким мен Эдуард Огай 2025 жылдың күзінде құрған. Владимир Ким 5,9 млрд доллар дәулетімен Қазақстандағы ең бай адамдардың тізімінде екінші орында тұр. Ал Эдуард Огай 650 млн доллармен 15-орынға жайғасқан.