«Өз үйімде жүргендей сезіндім»: Димаш мексикалық жанкүйерлеріне алғыс айтты

Жарияланды 17 Қараша 2026 09:49

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Димаш Құдайберген Мексикада / фото: instagram

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенді Мексиканың Гвадалахара қаласында жергілікті жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды. Өнер иесі көпшіліктің ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, әлеуметтік желіде испан тілінде жазба жариялады.

Қазір Димаш Құдайберген Dimensions атты әлемдік турнесі аясында Мексикада жүр. Әнші Гвадалахара қаласына келген сәтін ешқашан ұмытпайтынын жеткізді.

«Гвадалахараға келген сәтім есімде мәңгі сақталады. Қуанышқа толы жүздеріңді көріп, дауыстарыңды естіп, осыншама сүйіспеншілікті сезіну мені қатты толқытты», – деп жазды әнші.

Сондай-ақ өнер иесі музыканың шекара мен тілге бағынбайтынын атап өтті.

«Музыка шекара мен тіл талғамайды. Өйткені жүректер тоғысқанда сөздің қажеті жоқ. Мен сендердің әсем елдеріңе келдім, ал сендер маған өз үйімде жүргендей сезім сыйладыңдар», – деді Димаш.

Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген Мексиканың Монтеррей қаласында өзіне арнап салынған муралды көріп, жергілікті жанкүйерлеріне домбырамен музыкалық тарту жасаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз