
Ұлттық жүк тасымалдаушы Alatau Air Cargo компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) биржасында 56 млн долларды құрайтын облигациялық бағдарламаны тіркеп, 102,4 миллион қытай юані көлеміндегі бірінші траншты орналастыруды жоспарлап отыр.
Ресми хабарламаға сәйкес, бұл шешімді эмитенттің директорлар кеңесі 2026 жылдың 5 қарашасындағы отырысында қабылдаған.
Құжатқа сай, Astana International Exchange (AIX) алаңында жалпы сомасы 55 946 974 АҚШ долларын құрайтын облигациялық бағдарламаны тіркеу туралы шешім шығарған. Бағдарлама шеңберінде әрқайсысының номиналды құны 1 000 қытай юані болатын 102 409 данаға дейін купондық облигациялар шығарылады.
Аталған бағалы қағаздарды шығару нәтижесінде «Alatau Air Cargo» акционерлік қоғамының міндеттемелері оның меншікті капиталы мөлшерінің 10 және одан да көп пайызын құрайтын шамаға ұлғаяды.
Аталмыш әуе компаниясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2025 жылдың қазан айында «Қазақстан темір жолының» еншілес кәсіпорны («KTZ Express») ретінде құрылған.
Наурызда компания қосымша акциялар шығарып, оны Тимур Турловтың «Turlov Private Holding» құрылымы сатып алды. Нәтижесінде Турлов компанияның 50,98% үлесіне иелік етіп, негізгі акционерге айналды, ал мемлекеттік «KTZ Express» үлесі 49,02% болып қалды.
Жазда компания ресми түрде қайта тіркеуден өтіп, бұрынғы KTZ Air Cargo атауын Alatau Air Cargo деп өзгертті. Сонымен қатар, кәсіпорын өзінің заңды мекенжайын Астанадан Қарағанды облысына ауыстырды.
Ендлі ұлттық жүк тасымалдаушыға айналған компания алғашқы ұшағын қарашада алады деп жоспарланған.