
Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу жоспарланып отыр. Алайда Құрылтай депутаты Илья Теренченко ата-аналардың қатысуынсыз бұл тыйым толық жұмыс істемейтінін атап өтті.
Бүгінде балалардың нөмірлері ересектерге тіркелгендіктен, байланыс операторлары да, платформалар да экранның арғы жағында кәмелетке толмаған бала отырғанын көре алмайды.
Мәселен, көптеген мектеп оқушылары өз атындағы емес, ата-аналарының атына тіркелген SIM-карталарды пайдаланатындықтан, Instagram, TikTok немесе YouTube желілерінде отырған адамның шынымен де бала екенін анықтау қиынға соғады
Осыған байланысты депутат балаларға арналған арнайы SIM-карталарды тегін механизм ретінде енгізуді ұсынды.
Мұндай SIM-карта қосылған кезде интернетті сүзгіден өткізу мен ата-ана бақылауы функциясы автоматты түрде қосылуға тиіс. Сондай-ақ баланың жасын оның дербес деректерін ашпай-ақ тексеру тетігі қарастырылған.
Алайда бұл ретте смартфондардың өзіне қатысты да біраз мәселе бар. Атап айтқанда, Apple мен Google құрылғыларындағы қорғаныс жүйесі негізінен 13 жасқа дейінгі балаларға шақталған, ал қазақстандық заң 16 жасқа дейінгі шектеуді көздейді. Депутат осы екі ортадағы алшақтықты жою үшін аталмыш алпауыт компаниялармен қандай да бір келіссөз жүргізіліп жатыр ма деген сауал тастады.
Ата-аналардың көмегі қажет
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин мәселені шешу үшін ерекше сервис іске қосу қарастырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ата-аналар өз нөмірін баласы пайдаланатынын арнайы жүйе арқылы көрсете алады.
Яғни, SIM-карта ересек адамның атында тіркелгенімен, ата-аналар телефонды нақты кім қолданып жүргенін хабарлайды.
Бұл – әзірге талқыланып жатқан негізгі нұсқалардың бірі. Сонымен қатар пайдаланушы жасын әлеуметтік желілерге толық ақпарат бермей тексеру тәсілі де қарастырылып жатыр.
Мысалы, платформа тек қолданушының 16 жастан асқан-аспағанын білу үшін ғана сұрау жібереді, ал оның аты-жөні мен туған күні сияқты жеке деректері ешқайда жарияланбайды.
Вице-министр Түркия, Аустралия және Қытай сияқты елдердің тәжірибесіне жан-жақты талдау жасағанын атап өтті.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тек бір ғана әдісті қолдану толық нәтиже бермейді, сондықтан бұл бағытта кешенді шаралар жүйесі қолға алынып жатыр. Министрлік бұл шектеулер заңды күшіне енгенге дейін тиісті техникалық жұмыстарды толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Бұл норма онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер жобасында қарастырылған. Жаңа талап мессенджерлерге қолданылмайды. Ал онлайн-платформалар пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттелуі мүмкін.