
19 қарашадан бастап Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты техникалық режимде жұмысын бастайды. Алғашқы кезеңде демалушыларға үш шаңғы трассасы қолжетімді болады.
Курорт әкімшілігінің мәліметінше, маусымның алғашқы кезеңінде мына трассалар ашылады: «Ак Барсик» оқу трассасы, «Белый Мишка» оқу трассасы, «Профессор» трассасының төменгі бөлігі.
Сонымен қатар курортта «Жаңадан бастаушы» арнайы тарифі іске қосылады. Ол алғаш рет шаңғы немесе сноуборд теуіп көргісі келетіндерге, сондай-ақ ұзақ үзілістен кейін дағдыларын жетілдіргісі келетін демалушыларға арналған.
Курорттың жоғарғы трассаларының ашылуы ауа райы мен қар жамылғысының қалыңдығына байланысты болмақ.
Әзірге тау шаңғысы маусымының толыққанды басталатын күні жарияланған жоқ.