
Бельгия азаматы Стейн Ромбаут Қазақстанға шамамен екі жыл бұрын келіп, осы уақыт ішінде қазақ тілін үйреніп қана қоймай, шетелдіктерге оның ерекшелігін түсіндіретін блог жүргізе бастады. Қазақ тіліне деген қызығушылығы үшін қазақстандықтар оның видеоларына жылы лебіз білдіріп, алғыс айтады. Kursiv LifeStyle шетелдік азаматпен сұхбаттасып, оның неліктен қазақ тілін үйреніп бастағанын білді.
Ромбаут өз парақшасында қазақ тілінің қыр-сырын және жергілікті сленг сөздерді талдайды. Қарапайым әрі шынайы контенттің артында тілді өз бетінше үйренуден бастап Алматыда тұруға дейінгі жолдан өткен лингвистің тарихы жатыр.
Стейн Бельгияда, нидерланд тілінде сөйлейтін Фландрия өңірінде туып-өскен (бұл өңірдің ресми тілі, оны жиі фламан тілі немесе диалект деп те атайды – ред. ескертуі). Ол ана тілінен бөлек ағылшын, француз, қытай және орыс тілдерін меңгерген.
Қазақстанға көшіп келмес бұрын ол Қытайда оқып, қытай тілін меңгерген. Шамамен екі жыл бұрын Ромбаут Алматыға көшіп келіп, Абылай хан атындағы университетке аударма ісі мамандығы бойынша түседі және қазір төртінші курста оқып жатыр. Таныстары мен оқырмандары оны кейде «Сырым» деп атайды. Оның айтуынша, түркі тілдеріне деген қызығушылығы бұрыннан болған, алайда ол әсіресе қазақ тіліне ерекше назар аударған.

«Қазақ тілі, мысалы, түрік тілі сияқты танымал емес, бірақ бұл өте әдемі тіл. Оны үйрену маған қызық. Мен әрқашан тілдер мен лингвистикаға қызығатынмын, сондықтан Қазақстанға келіп, қазақ тілін жақсырақ үйренуді шештім», – дейді Стейн.
Қазақ тілін үйренудің қиындықтары туралы
Мемлекеттік тілді игеруді Ромбаут өз бетінше бастаған және бірден сапалы оқу материалдарының тапшылығын аңғарған. Оның айтуынша, интернетте пайдалы дереккөздер тым аз, ал ақпараттың көп бөлігі орыс тілінде қайталанады. Соның салдарынан көптеген экспаттарға орыс тіліне көшу оңайға түседі. Тілді меңгеруде қазақстандықтармен күнделікті қарым-қатынас та үлкен рөл атқарды.
«Мен интернеттен дереккөздерді іздедім, бірақ көбінде жай ғана қазақтармен араласу арқылы үйрендім. Әсіресе күнделікті ауызекі сөйлесу кезінде. Бірақ өзім өмірде күн сайын қазақша сөйлеймін. Дүкендерде қазақша сөйлесуге тырысамын», – деп бөліседі ол.
Алайда мұның да өзіндік қиындықтары бар. Бельгиялық азамат күнделікті тірлікте қазақстандықтардың орыс сөздерін жиі қолданатынын байқаған. Ол тек қазақша таза сөйлеуді үйренгісі келеді, бірақ уақыт өте келе бұл әдетті өзі де қабылдай бастағанын мойындайды.
«Мен таза қазақша сөйлегім келеді, бірақ біраз уақыт өткенде мен де орыс сөздерін қолдана бастаймын, өйткені айналадағылардың бәрі солай сөйлейді», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, оның байқауынша, алматылықтар көмектесуге әрқашан дайын. Ал Стейн оларға қазақ тілінде тілек білдіргенде, жүздері бірден жарқырап сала береді. Бұл жас жігіттің өзін де қуантады.
Лингвистикалық ерекшеліктер мен сүйікті сөздері
Стейннің айтуынша, тілдік отбасылардың арасындағы алпауыт айырмашылықтарға қарамастан, кейде өте қызықты ұқсастықтар кездеседі. Мысалы, сезім білдіруде.
«Қазақ тілі мен менің ана тілімнің арасында бір ұқсастық бар, ол «Мен сені жақсы көремін» деген сөз. Көптеген тілдерде біз «сүйу» сөзін қолданамыз, бірақ менің ана тілімде, нидерланд тілінде дәл осылай айтылады: «Мен сені жақсы көремін» (нидерландша: Ik zie u graag – «Мен сені жақсы көріп тұрмын/көремін» дегенді білдіреді – ред.)», – дейді блогер.
Сонымен бірге, шетелдіктің қазақ лексикасында өз фавориттері де пайда болып үлгерген. Оның ең жақсы көретін сөзі – әмбебап «сол ғой» сөз тіркесі. Мұны кез келген жағдайда дерлік қолдануға болады деп әзілдейді ол. Бұдан басқа, Ромбаут дәстүрлі қазақ асханасынан дәм татып, жақсы көріп үлгерген.
«Маған, әрине, бешбармақ, ет ұнайды. Бірақ, өкінішке қарай, мен оны күн сайын жей алмаймын, өйткені ол өте майлы. Дегенмен маған ұнайды. Сондай-ақ, бауырсақ пен қуырдақты жақсы көремін», – деп қосты ол.

Неліктен блог жүргізеді
Шамамен бір жыл бұрын Стейн әлеуметтік желіде қазақ тілінде видеолар жариялаған. Сол кезде ол қазақстандық аудиторияның назарын аударып, бірақ кейін бұл ісі тоқтап қалған. Бірнеше күн бұрын ол контент жасауға қайта оралды, бірақ қазір оның нақты мақсаты бар – шетелдіктерге қазақ тілін үйренуге көмектесу. Блогердің пікірінше, басты қиындықтардың бірі – тілдің грамматикалық құрылымы жағынан еуропалық тілдерден ерекше болуы.
Мысалы, шетелдіктерге септіктер жүйесі мен көптеген жалғауларды түсіну оңайға соқпайды. Ромбауттың ойынша, тілді үйренушіге бұл ережелерді түсіндіру кейде қиынға соғады. Себебі көптеген грамматикалық құрылымдар адамдарға өз тілдеріндегі қалыпты көрінеді.
Тағы бір ерекшелік – сөздерді қолдану тәртібі. Қазақ тілінде етістік әдетте сөйлемнің соңында тұрады. Сөйлем қаншалықты ұзын болса, шетелдіктерге оның құрылымын құрастыру соғұрлым қиындай түседі.
Дәл сол үшін Стейн қазақ грамматикасын тілді үйрену жолынан өз бетінше өткен және шетелдіктерге қай кезеңде көбірек қиындық тудыратынын түсінетін адамның көзқарасымен түсіндіргісі келеді. Болашақта жас жігіт өз кәсіби өмірін Қазақстан және Бельгиямен байланыстыруды жоспарлап отыр.
«Шын мәнінде, бельгиялық компаниядан жұмыс тапқан керемет болар еді. Онда Бельгия мен Қазақстан арасындағы сауданы нығайтумен айналысуға болар еді. Қазір мен өз блогымды дамытқым келеді, ал университет бітірген соң Қазақстанда, жұмысы қазақ тілімен байланысты болатын жерде жұмыс істегім келеді», – деп түйіндеді Ромбаут.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі 2027 жылдың соңына дейін️ жаңартылатыны туралы жазған едік.